All posts by editor1

Қостанайда вагон рельстен шығып, контейнер құлады: ҚТЖ апатты жасырып отыр

Фото: Видеодан алынған кадр

Қостанайдан тараған видео елді дүр сілкіндірді. 14 қыркүйекте пойыз вагоны рельстен шығып, ауыр контейнер жолдың үстіне құлаған. Бірақ ең сорақысы – бұл апат ресми есепке енбеген. Полиция департаменті «мұндай оқиға тіркелмеген» деп отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Әлеуметтік желіде қызу талқы жүріп жатыр. Бір қызметкер: «Бұндайды жасырып қалу мүмкін емес, өзім ЖД-де істеймін» десе, тағы бірі: «Келісім-шартты вагон мен жолға емес, тек локомотивке жасаған соң осындай болады» деп ашық сын айтты. Ал үшіншісі: «Астанадағы бастықтарға бәрібір, ақша сөйлейді. ҚТЖ-да былық бұрыннан бар» деп шүйлікті.

Куәгерлердің сөзіне сенсек, мұндай апат болған сәтте теміржолдың әрбір бөлімшесі дереу хабардар болуы тиіс. Бірақ тіркелмеген апат – халық арасында «ҚТЖ әдейі жасырып отыр» деген күдік туғызды.

Қостанай жұрты биліктен ашықтық талап етуде. «Жол мен вагонды жөндеудің орнына тек есеп үшін келісім-шарттар жасалып жүр ме?» деген ауыр сұрақ күн тәртібіне шықты.

Солтүстік Қазақстанда құстар жаппай қырылуда: халық ашулы, билік үнсіз (ВИДЕО)

Фото: Getty Images

Солтүстік Қазақстан облысында үй құстарының жаппай қырылуы халықтың ашу-ызасын тудырды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданына қарасты ауылдарда тауықтар, қаздар, үйректер мен бройлерлер бір күнде топ-тобымен қырылып жатыр. Ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде дабыл қағып, өздерінің басынан өткен жағдайды бөлісуде.

«38 қазымнан төртеуі ғана қалды. 25 бройлерден біреуі ғана тірі. 38 үй тауығынан бесеуі ғана қалды. Енді жаңа шыққан балапандар қырыла бастады», – деп жазды Петропавл тұрғыны. Кейбіреулер қырылудың себебі жемнен деп болжайды.

«Корма қайдан аласыздар? Былтыр да күзде құстар жаппай қырылғанда, қоймада өткен жылдан қалған дәні барлардың құсы өлмеді. Ал жаңадан жем алғандар түгел шығынға батты», – дейді тұрғын.

Басқа бірі: «Жемді төккенде шаңынан ащы дәрінің дәмі шығып тұрды. Барлығын әдейі улап жатыр», – деп ашынады. Тұрғындар арасында «Бұл – әдейі жасалған уландыру», «Ауаны улап жатыр, тіпті көгершіндер де себепсіз өліп жатыр», «Жеке шаруашылықтарды жоюдың амалы ма?» деген пікірлер де бар. Бірақ бәрі бір ауыздан шығынның орасан екенін айтады. «Қанша еңбек, қанша ақша мен күш зая кетті. Бұл халықтың нәпақасы, күнкөрісі еді. Бейшара халыққа кім жаны ашиды?» – деп жазады ауыл тұрғындары.

Ветеринарлық мамандардың да пікірі әртүрлі. Бірі бұл жағдайды вакцина жасалмаған құстардың жаппай ауруға шалдығуымен байланыстырады.

«Фабрикаларда балапан шыққаннан бастап түрлі ауруға қарсы егіледі. Ал ауылдағы иелері вакцина салмайды. Сондықтан құс есейгенде қырыла бастайды», – дейді маман. Ал кейбірі бұл құбылыстың инфекциялық сипатта екенін айтып, «өлікті дереу сараптамаға жіберу қажет» деп отыр.

Ауыл халқы болса биліктің үнсіздігіне ашулы.

«Сейсенбі күні келіп, талдау алды да, сонымен бітті. Бізге нақты жауап жоқ. Қайда қоңырау шалатынымызды да білмейміз», – дейді қырылған құстардың иелері.

Текеліде түн ортасында балаларды тартып әкеткен: ана «балаларымды ұрлады» десе, билік «міндетін бұзды» дейді (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Алматы облысының Текелі қаласында түн ішінде бірнеше баланы қамқоршы әйелден тартып алу оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Балаларды бағып отырған әйел бұл әрекетті «балаларымды ұрлау» деп бағаласа, билік өкілдері «қамқоршы өз міндетін өрескел бұзды» деп отыр. Анасының жанайқайы Елена Грищенко есімді қамқоршы әйелдің айтуынша, 24 қыркүйек күні түн ортасында бөлім қызметкерлері полициямен бірге келіп, балаларды күштеп алып кеткен.

«Балаларым қорқып жылады. Тіпті таңғы 10-да өздері хабарласып, аш екендерін айтты. «Анашым, тамақ әкелші» деп жылап сұрады. Балаларды осылай түн ішінде алып кетудің не қажеті болды?» – дейді ол.

Әйелдің сөзінше, балалар оны «мама» деп атайды, ал өзі оларды туғанындай жақсы көреді.

«Мен ешқашан оларға жамандық жасаған емеспін. Не үшін бір күнде тартып әкеткенін түсінбеймін» – деп көзіне жас алды. Көршілердің пікірі Оқиғаны көрген көршілері де әйелді жақтап отыр. «Бұл отбасыға шаң шаға алмайсың. Балалар әрдайым таза, киінген, аулада ойнап жүретін. Ешқандай қиянат көрмедік. Керісінше, анасы балаларды жақсы бағып отырды. Ал биліктің бұл әрекеті тек статистика үшін жасалған сияқты», – дейді олар.

Алайда ресми мәлімет мүлде басқа. Алматы облысының білім басқармасы қамқоршылық құқығы 24 қыркүйекте тоқтатылғанын растады. Негізгі себеп – «қамқоршы мұрагерлік қаржыны дұрыс жұмсамағаны және заңды міндеттерін өрескел бұзғаны». Бұл факт құжатпен расталғаны айтылып отыр. Қамқоршының өзі де актімен танысып, қол қойғаны көрсетілген. Ресми түсіндірмеде балалардың ешқашан қараусыз қалмағаны, оларға медициналық көмек пен тамақ берілгені жазылған. 25 қыркүйектен бастап олар Талдықорғандағы бейімдеу орталығына орналастырылған. Әлеуметтік желіде халық екіге бөлінді. Бірі «шын мәнінде жақсы отбасыдан балаларды тартып әкету – әділетсіздік» десе, екіншісі «егер заң бұзылса, мемлекет араласуға міндетті» деген пікірде. Тіпті кейбіреулер бұл істі «балаларды сылтаумен тартып алу» деп бағалады.

Жаркент тұрғыны кішкентай қызына темекі тартқызған (ВИДЕО)

Скриншот видео t.me/gazizaraimbeknews

Жаркенттегі стадионда бала қарап отырған ер адам кішкентай қызының аузына темекі салып жіберген. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге таралып кеткен соң оған полиция назар аударды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат поралы. 

Кадрдан байқағынымыздай, ер адамның жанында бірнеше бала ойнап отырған. Бір кезде ер адам шамамен екі жасар қызының аузына өз аузындағы темекесін салып, тартқызған.

Жетісу облысының полиция департаменті хабарлағандай, видеодағы адамның кім екені анықталып, ол жазаланған.

«Бұл дегеніміз – ата-ана тарапынан кеткен өрескел қате және баланың денсаулығына аса зиян нәрсе», — деп хабарлады полиция біздің агенттікке берген түсініктемесінде.

Видеоны зерделеген полиция ер адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ қоғамдық орында темекі тартқаны үшін де жазаланды.

Доллар тағы қымбаттап, 550 теңгеге жақындады

Фото: Pixabay

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар бағамы қымбаттады.Күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 4,34 теңгеге қымбаттап, 548,79 теңге болды. Ұлттық банктің ресми бағамы — 544,26 теңге, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Kurs.kz мәліметіне сәйкес, Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар орта есеппен 546,15 теңгеден сатып алынады, 548,24 теңгеден сатылады. Еуро 634,70 — 644,38 теңге, ал рубль 6,45 — 6,58 теңге аралығында саудаланады. Ал юань 76,38 теңгеден сатып алынады, 79,02 теңгеден сатылады.

Елорданың ақша айырбастау орындарында:

— доллар 544,40 теңгеден сатып алынады, 549,40 теңгеден сатылады;
— еуро: сатып алу — 637,43 теңге, сату — 645,49 теңге;
— рубль: сатып алу — 6,47 теңге, сату — 6,62 теңге.
— юань: сатып алу — 76,51 теңге, сату — 80,45 теңге.