Атырау облысындағы Теңізде қарапайым халыққа жетуі тиіс дизель отыны заңсыз саудаға шығарылды. КамАЗ жүргізушілері бірлесіп, бір тоннаға жуық жанармайды көлеңкелі жолмен сатып, тасымалдап жүргені әшкереленді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Қазір бұл жанармай тәркіленіп, іс қозғалды. Күдіктілер ұсталды, жағдайдың мән-жайы тексерілуде.
Жергілікті жұрт «дүкенде дизель таппаймыз, бағасы күнде шарықтап тұр, ал олар тонналап сатып жүр» деп ашулы. «Халықтың қалтасын қағып жүргендердің жолы кесілсін» деген пікір көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтетінін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы, еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызы бар жоба.
– Жұмысшыларымыз үш жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны, шын мәнінде, тарихи сәт деуге болады. Бұл – баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетімізді күшейте түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің бүгінде Еуразиядағы басты транзит хабының біріне айналғанын атап өтті.
– Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап тұр. Жеріміз арқылы 5 теміржол дәлізі өтеді. Оның бәрі әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашады. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Соңғы он жылда осы салаға шамамен 35 миллиард доллар инвестиция салынды. Мен халыққа Жолдауымда бірқатар жобаны уақтылы жүзеге асыру туралы нақты тапсырма бердім. Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Қазір «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі. Мұның бәрі Еуропа пен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді. Жалпы, бәсекеге қабілетті ел болу үшін экономикамыздың мейлінше қуатты болуына баса назар аударуымыз керек. Бұл ретте, көлік-логистика саласының орны бөлек. Сондықтан Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру негізгі басымдықтың бірі болып қала бермек. Теміржол саласының алдында тұрған міндеттер – айқын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта бұл салаға цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізе отырып, оны ел экономикасының озық бағыты ретінде дамыту көзделгеніне, алда әлі де ауқымды жұмыс тұрғанына, сол себепті барлық жоспарды уақтылы, дер кезінде орындау өте маңызды екеніне назар аударды.
Сондай-ақ телекөпірде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов, «Қазақстанның Еңбек Ері», темір жол саласының ардагері Қалтай Сәмбетов сөз сөйледі.
Polisia.kz Криминалдық полиция қызметкерлері жеке кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылықты ашты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«12 қыркүйекте күдіктілер маска тағып, жеке үйге кірген. Шығын 500 миллион теңгені құрады. Жедел жұмыс нәтижесінде Алматы қаласы және Алматы облысының үш тұрғыны ұсталып, қамауға алынды», — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Тергеу барысында күдіктілердің биыл Алматы облысының аумағында және өткен жылы Алматы қаласында жасалған екі ұқсас ашылмаған қылмысқа қатысы бары анықталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
БҰҰ-ның Иранға қарсы санкциялары араға 10 жыл салып қайта күшіне енді. Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінде Ресей мен Қытайдың санкцияларды алты айға кейінге қалдыру туралы ұсынысы қолдау таппады, деп хабарлайды Qazaq Today сайты BBC-ге сілтеме жасап.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иран 2015 жылғы ядролық бағдарлама бойынша келісімді бұзды деп есептеп отыр. Осылайша бұл ұйым санкцияларды қайтару туралы шешім қабылдады. Енді Тегеран ядролық бағдарламасын шектеуі тиіс. Тиісті тыйым ресми түрде күшіне енді.
Жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Иранға қарсы санкцияларды алты айға кейінге қалдыру туралы қарар қаралды. Бұл Ресей мен Қытайдың бастамасы еді. Кеңеске мүше барлығы 15 мүше елдің төртеуі ғана, яғни, Ресей, Қытай, Пәкістан және Алжир ұсынысты қолдады. Тағы 9 ел қарсы дауыс берді, ал 2 ел қалыс қалды. Дауыс беруден кейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи санкциялардың заңдық тұрғыдан негізсіз екенін айтты.
«АҚШ дипломатияны сатып кетті, ал Германия, Франция, Ұлыбритания оған нүкте қойды. Олар шындықты елемей, жалған айыптаулар таратты. Иранның бейбіт бағдарламасын бұрмалады», – деді Аракчи.
Reuters-тың жазуынша, санкциялар бойынша Иранға қару-жарақ жеткізуге, уран байыту мен қайта өңдеуге қатысты кез келген қызметке тыйым салынып отыр. Сонымен қатар ондаған ирандық шенеунік шетелге шыға алмайды, елдің кейбір жеке және заңды тұлғаларының активтері бұғатталады.
Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында төбе шашты тік тұрғызатын оқиға болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
29 қыркүйек күні кешкі сағат 21:00 шамасында белгісіз ер адам 8 жасар қызды күштеп алып кетпек болған. Дәл сол сәтте жанынан өтіп бара жатқан куәгерлер күдіктіні тоқтатып, баланы құтқарып қалған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында тұрғандар дереу полицияға хабарласқанымен, тәртіп сақшылары жарты сағатқа жуық уақыт бойы келмеген. Осы уақыт аралығында күдікті ізін суытып үлгерген. Ақыры қыздың анасы мен куәгерлердің өзі полиция бөлімшесіне баруға мәжбүр болған. Желіде тараған бейнежазбада оқиғаға куә болғандар күдікті ер адамның сырт келбетін сипаттап, оның үстінен шағым түсіргенін айтады. Ал ата-аналар бұл жағдайдан кейін балаларын қараусыз қалдыруға қорқып отыр. Көпшілік желі қолданушылары оқиғаны талқылап, полицияны салғырттық танытқаны үшін сынға алды.
«Сақал қойғандардың бәрін намазханға теңемейік, бұл – дінге сын емес», – деген пікір де бар.
Тағы біреулер «қыздың өмірін сақтап қалған батыл адамдарға алғыс айту керек» деп жазды. Ал кейбірі «егер полиция дер кезінде жетпесе, халықтың өзі дала заңымен жазалауға мәжбүр болады» деп ашуға булыққан. Қазір бұл оқиға бойынша құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен жұртшылық «бала құқығы мен қауіпсіздігіне келгенде, салғырттыққа жол берілмеуі тиіс» деп талап қойып отыр.