All posts by editor1

Әкімдік жұмысы салғырт: Шучинскіде асфальт екі аптаға жетпей ойылып түсті, жүргізушілер жолда жүруге қорқады

Фото: Видеодан алынған кадр

Щучинск қаласында жаңа төселген асфальттың сапасы сын көтермеді. Бар болғаны бірнеше апта өтпей жатып, жолдың беті опырылып, терең шұңқырға айналды. Қала ортасында пайда болған бұл ойық тұрғындардың ашу-ызасын туғызды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Жолдың орнына қақпан

Әлеуметтік желілерде тараған видеодан жолдың қақ ортасында пайда болған шұңқыр анық көрінеді. Жаяу жүргінші де, көлік жүргізушісі де сол маңнан өтуге қорқады. «Күні кеше ғана асфальт төсеген еді. Міне, сапасы белгілі болды – халыққа қақпан қазып бергендей», – дейді ашулы тұрғындар.

Кейбірі жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін ескертті. «Бес метр радиуста жүрудің өзі қорқынышты. Машина түсіп кетсе не болады? Ал адам немесе жануар құласа кім жауап береді?» – деп жазады қала тұрғындары.

Жергілікті билік бұған дейін «барлық жұмыстар технологияға сай атқарылды» деп есеп берген. Бірақ шындық мүлде басқаша шықты. «Технология дейсіздер ме? Міне, нәтижесі. Екі апта өтпей жатып асфальт ойылып түсті. Осылай жалғаса берсе, бүкіл қала көшелері қақырап құламай ма?» – деп ашынды желідегілер.

Жүргізушілер де наразы. «Жақында ғана жаңа асфальтқа ақша төкті. Енді қайтадан қазып, қайтадан жамайды. Бұл – халықты алдау. Сапасыз жұмыстың зардабын тек тұрғындар тартып отыр», – дейді олар.

Басқалары түнгі уақытта жағдайдың тіпті қауіпті екенін айтады. «Жарық аз, қоршау жоқ. Жаяу жүрген адам байқамай құлап кетуі мүмкін. Бұл – нағыз қылмыс», – дейді жұрт.

Қала әкімдігі мәселенің себебін ауыр жүк көлігінің соққысынан көрді. «Құдық қақпағы зақымданған, мердігер компания қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді» деген қысқа мәлімдеме жасады.

Алайда тұрғындар бұған сенбейді. «Әр нәрсеге көлікті кінәлай береді. Ал неге алдын ала тексермейді? Неге сапасыз асфальт төсейді? Бізге бос уәде емес, нәтиже керек!» – дейді ашулы жұрт.

«Жаңа Адамдар» Түркістандағы сұмдық жайттың бетін ашты

Фото: Видеодан алынған кадр

Түркістанда Жаңа адамдардың «124» азаматтық науқаны әлеуметтік желілерде эксперимент жүргізіп, «Адам Адамов» атты жалған аккаунтпен жасырынған әлеуетті педофилді әшкереледі. Ер адам 11 жасар қызбен интимдік байланыс орнатуға тырысқан, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Белсенділер Түркістандағы балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына төнетін қауіп деңгейін тексеру үшін әлеуметтік желіде 11 жасар қыздың анкетасын ашты. Алғашқы күннің өзінде 20 жастан асқан ер адамдардан ондаған хабарлама келді. Қыздың жасы ешкімді алаңдатпады — керісінше, көпшілігі дәл осы жас ерекшелігі оларды тартатынын ашық мойындады.

Кейбір әңгімелесушілер «ересек өмірге үйретуді» уәде етіп, әдепсіз материалдар жіберді. Ең табандысы «Адам Адамов» есімді қолданушы болды: ол алғашқы хабарламаларынан бастап «қызды» кездесуге шақырып, интимдік суреттер талап еткен және «мұның еш ұяты жоқ» деп сендірген. Кейіннен хат алмасу ашық түрде интимдік байланысқа итермелеуге ұласты: ер адам «ешкім көрмейтін тыныш жер» ұсынды және ұятсыз суреттер жолдады.

Ақиқатында, жалған аккаунттың артында 2002 жылы туған, Жанарық ауылынан шыққан Сауранбай Базарбек Ибадуллаұлы тұрды. Сырт көзге — қарапайым азамат, ал шын мәнінде — балаларға қауіп төндіретін әлеуетті педофил.

Оқиғаның қорытындысы — кездесу болды: кішкентай қыздың орнына Сауранбай Базарбекті Жаңа адамдар белсенділері күтіп тұрды. Ер адам құқық қорғау органдары қызметкерлеріне хабарламалармен және барлық материалдармен бірге тапсырылды. Осылайша, жария әшкерелеу жүзеге асты: енді қалада оны көрген әр адам — «ол мұны не үшін жасады?» деп тікелей сұрай алады.

Алина Сұлтанқызы, «Жаңа адамдар»: «Әлеуетті педофилдер жазасыздықты сезініп жүргенде біз шетте үнсіз қала алмаймыз. Балалардың қауіпсіздігіне қол сұғып, олардың өміріне қауіп төндіретін әркім басты артықшылықтан — анонимділіктен айырылады».

Белсенділер ата-аналарды және барлық азаматтарды балалардың қауіпсіздігіне — интернетте де, күнделікті өмірде де — барынша мұқият болуға шақырды. Өйткені қасымызда дәл осындай рөлде көреміз деп ешқашан ойламаған адам жүруі мүмкін.

1 трлн қайтпай қалған қарыз: мемлекет банктерді құтқарып, халықты ұмытты ма?

Фото: freepik

2017 жыл ел тарихындағы ең үлкен қаржылық құтқару жылы болды. Сол кезде мемлекет банктерді күйреуден аман алып қалу үшін қазынадан 1,4 трлн теңге бөлді. Банктер бұл ақшаны 15 жылға бар болғаны 4 пайыздық мөлшерлемемен алды. Қағаз жүзінде несие болғанымен, шын мәнінде ол банктерге жасалған көмек еді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Алайда содан бері жеті жыл өтті. Банк ЦентрКредит қарызын толық жапқан санаулы мекеменің бірі болса, Bank RBK небәрі 30 млрд теңге ғана қайтарды. Еуразиялық банк пен Нұрбанк алған қаржыны бір тиын да қайтарған жоқ. Ал ең көп қолдауды көрген Jusan Bank мүлде басқа деңгейде. Цеснабанк пен АТФ банктің қарыздары да соған өткен. Мемлекет оған проблемалық несиелерін сатып алу арқылы 1 трлн теңгеден астам қаржы құйды. Бұл ақша енді қайтарылмайды. Оның үстіне Jusan Bank-тің қолында тағы 859 млрд теңге тұр, оны 2045 жылға дейін пайдалануға рұқсат алған.

Сонда кім ұтты? Банктер. Ал халық ше? Олар арзан қаржы алып отырса да, қарапайым жұртқа несие пайызын төмендеткен жоқ. Керісінше, соңғы бір жылда қазақстандықтардың кредиттік жүктемесі 23,8 пайызға өсіп, қазір халықтың мойнында 25 трлн теңгеге жуық қарыз бар.

Экономистердің сөзі бір-ақ нәрсені аңғартады: 2017 жылғы қадам қысқа мерзімде банктерді сақтап қалды. Бірақ ұзақ мерзімде әділетсіз болды. «Банктер банкротқа ұшырамады, депозиттер күйіп кетпеді, төлем жүйесі тоқтаған жоқ. Бірақ арзан ақша халыққа жетпеді, пайдасы тек банктерге қалды», – дейді сарапшы Бауыржан Ысқақов.

Енді Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Ендігәрі бюджет есебінен банктерді құтқару тоқтатылады. Мемлекет тек жүйелік маңызы бар банкке ғана қолдау көрсете алады. Бірақ бір талап бар: қарыз толық өтелмейінше, акционерлерге дивиденд төлеу, топ-менеджерлерге сыйақы бөлуге тыйым салынады.

Бұл шешім әділ бе? Бір жағынан, мемлекет уақытында банктерді құлатпай, бүкіл қаржы жүйесін сақтап қалды. Екінші жағынан, салық төлеушінің ақшасымен құтқарылған банктер халықты жеңілдікпен несиеге отырғызудың орнына, әлі күнге еселеп пайда тауып отыр.

Қарапайым жұрттың көкейіндегі сұрақ орынды: «Мемлекет қолдаған банктер неге халыққа арзан несие бере алмады?»

Оралдың көшелері шаңға тұншығып жатыр: әкімдік тағы да «қаржы жоқ» деген сылтаудың артына тығылды

Фото: Видеодан алынған кадр

Орал қаласында тұрғындардың сабыры таусылды. Қала орталығындағы Деповская көшесі жабылған соң, барлық көлік ағымы Школьная көшесіне бағытталды. Бірақ онда ешқашан асфальт болмаған. Шұңқырлары тізеден, шаңы көз аштырмайды. Көлік көптігі мен жолдың жағдайы қазір қала халқы үшін күнделікті қасіретке айналған, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жергілікті жұрт жылдар бойы әкімдікке жазып келеді. «Асфальт салыңдар» деген талапқа жауап біреу ғана: «қаржы жоқ». Ал осы уақытқа дейін ең болмаса су шашып, шаңды басатын арнайы көлікті шығару да ұйымдастырылмаған. Халықтың айтуынша, әкімдікке қоңырау шалса, телефон көтерілмейді, жауап беретін адам жоқ.

«Бәрі бір-біріне сілтейді. Бірде ана көшені жабады, бірде мына көшені. Белгі жоқ, адамдар қайда бұрылуды білмей, жолдың үстінде әлекке түсіп жүр. Қала ортасында отырып, әлі күнге дейін асфальт көрмегеніміз ұят», – дейді тұрғындар.

Әкімдік өкілдері «қаржы жоқ» деген сылтауды айта берсе, қарапайым халық шаң жұтып, ойықтан-ойыққа секіріп жүре бермек пе? Қаланың дамуы тек қағаздағы есепте бар да, халықтың өмір сапасында жоқ екені тағы бір мәрте дәлелденді.

«Реал Мадрид» «Қайратпен» ойын алдында УЕФА-ға шағым түсірді

Коллаж: sn.kz

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында Алматыда «Қайратпен» кездесетін «Реал Мадрид» клубы УЕФА-ға ресми хат жолдап, ерекше өтініш білдірген. Бұл туралы Diario Madridista хабарлады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Испандықтар Орталық стадиондағы газонды қайта қырқуды сұраған. Хатта алаңдағы шөптің биіктігі 25 миллиметрден аспауы тиіс екені көрсетілген. Алайда УЕФА бұл өтінішті қабылдамаған. Себебі ережеге сәйкес, газон биіктігі 30 миллиметрден аспаса, талап толық сақталған болып есептеледі. Сондықтан алаң иелері – «Қайрат» өз шешімінде қалады.

Айта кетейік, «Реал» ойыншылары әдетте 20–22 миллиметрлік газонда өнер көрсетуге үйренген. Соңғы жылдары олардың кездестірген ең биік газоны — «Хетафенің» алаңындағы 27 миллиметр болған. УЕФА шешіміне сай, алаңды қайта қырқу міндеттелмейді. Демек, «Қайрат» футболшылары мадридтік клубты дәл қазіргі жағдайдағы газонда қабылдайды.