All posts by editor1

Шымкентте қайтыс болған адамның денесін алу үшін пара сұраған

Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкентте морг қызметкерінің мәйітті беру үшін 35 мың теңге сұраған, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Марқұмның туыстары бұл жағдайды видеоға түсіріп, құқық қорғау органдарына жүгінген. Соңғы жылдары мұндай жағдайлар елдің әр өңірінде тіркеліп келеді.

Бұл — саланың жүйелі түрде бақылаудан тыс қалғанының айғағы. Денсаулық сақтау мекемелеріндегі жемқорлық адам өмірінің соңғы сәтін де табыс көзіне айналдырғандай әсер қалдырады. Қоғам сенімі жоғалған жерде өлімнің өзі саудаға түсіп жатыр.

Шучинскідегі балалар ауруханасында бір айдан бері ыстық су мен жылу жоқ

Фото: Видеодан алынған кадр

Шучинск қаласындағы балалар ауруханасының (ЖШС «Авиценна-Бурабай») науқастары палаталарда ыстық судың болмауына және суыққа шағымдануда, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Пациенттердің айтуынша, мұндай жағдай бір айдан астам уақыттан бері жалғасып келеді.

«Біз кеше баламен ауруханаға түстік — бөлімде мүлде су жоқ. Ыстық суды термопоттан алуға тура келеді, ол шай ішуге арналған. Сосын оны суық сумен араластырамыз. Батареялар да мұздай. Персонал бұл мәселе бұрыннан бар екенін, бірақ ешкім жөндеу жұмыстарын жүргізбегенін айтты», — дейді науқастардың бірі.

700-ден астам қазақстандық Ресей түрмелерінде отыр

Фото: Shutterstock nuotr

Қазіргі уақытта Қазақстанның 958 азаматы шетелде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Шетелде жазасын өтеп жүрген азаматтардың өз елінде жазасын өтеуге бас тартуын қалай түсінуге болады?», – деп сұрады сенатор Арман Өтеғұлов.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің сөзінше, сотталған адамды елге әкелу үшін оның жеке келісімі қажет.

«Келісім болмаған жағдайда біз оны осында әкеле алмаймыз. Ондай мысалдар бізде бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның 958 азаматы шетелде жазасын өтеп жатыр. Олардың 700-ден астамы Ресей Федерациясында. Арасында Қазақстанда қалған жазасын өтеуге келгісі келмейтіндер бар. Себебі олардың сол жақта туған-туыстары мен отбасы бар. Олар сол жақта жазасын өтегісі келеді. Ал негізінен біздің азаматтардың шетелде құқықтарын қорғау мәселесі «Консулдық қызмет туралы» Вена конвенциясына және дипломатиялық қызмет туралы заңға сәйкес дипломаттарымызға жүктелген», – деді Ғалымжан Қойгелдиев.

Опера әншісі Мария Мудряк «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды

Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италияға іссапары барысында, опера әншісі Мария Мудрякқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік марапатын табыстады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі Мария Мудряк бүгінде әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп жүр.

«Мен үшін өз Отаным – Қазақстанның марапатқа лайық санағаны – үлкен құрмет. Президентімізге шексіз алғыс айтамын. Бұл – менің өмірімдегі маңызды оқиғалардың бірі. Мен небәрі 9 жасымда, Италияға оқуға аттанарда белгілі қиындықтар болды. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрі қызметін атқарып жүріп, бұл мәселенің шешімін тауып берген еді», – деді Мария марапаттау рәсімінде.

Биыл опера әншісінің шығармашылығы мен кәсіби мансабына 28 жыл толды. Мария Қазақстанды әлемнің ең ірі опера сахналарында зор мақтанышпен таныстырып жүргенін және алдағы уақытта да ел игілігі үшін аянбай қызмет ететінін айтты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Римге сапары барысында италиялық мәдени ұйымдардың өкілдерімен де кездесті.

Министр Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс барлық бағытта дамып келе жатқанын және мәдени ынтымақтастық екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

«Қазір екі ел арасындағы мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Бұл үрдіс өзара құрметті күшейтіп, ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықты арттырады. Мемлекеттеріміздің Президенттері атап өткендей, біздің ортақ міндетіміз – мәдениет саласындағы байланысты түрлі бағытта тереңдету. Біз италиялықтарға қазақ мәдениетін жақын таныстыру мақсатында бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Мен министр ретінде өзара ынтымақтастықтың әрі қарай жемісті жалғасуына ерекше мән беремін», – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, 24–26 қараша аралығында Италияда «Қазақ киносының күндері» өтеді. Онда отандық киногерлердің жаңа туындылары мен классикалық фильмдері көрсетіледі. Италиялық әріптестермен өткен кездесу барысында креативті индустрия, зергерлік өнер, кино және анимация салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде сәулет өнеріне де ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Аида Балаева 1939 жылы құрылған Еуропадағы көне мекемелердің бірі – Орталық реставрация институтына барды. Бұл институт – Италиядағы мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі. Мұнда өнер туындыларын, сәулет ескерткіштері мен археологиялық нысандарды қайта қалпына келтірудің заманауи әдістемелері әзірленеді.

Айта кетсек, биыл Италияның Реставрация институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қытайда еліміздің туристік әлеуетін көрсететін Димаштың жаңа жобасы таныстырылды

Фото: @kudaibergenov.dimash

Қазақстанның туристік орындарында түсірілген Димаштың жобасы Қытайда таныстырылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасы Қазақстанның туристік локацияларында түсірілген «Voice Beyond Horizon» жаңа тележобасының промо-бейнеролигін ұсынды. Бағдарлама еліміздің туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге көрсетеді.

Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен және Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесе қолға алынды. Биылғы қыркүйек айында түсірілім тобы мен қатысушылар Қазақстанның өңірлері бойынша саяхаттап, 7436 шақырымнан астам жол жүрді. Олар 22 күн ішінде олар еліміздің бай табиғи және мәдени мұрасымен танысты.

Түсірілімге Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің өнерпаздары қатысты. Жобаның бағыты негізгі туристік орындарды қамтыды. Оның ішінде Ұлы Жібек жолының бойындағы көне Түркістан, Маңғыстау облысындағы Бозжыра мен Каспий теңізінің жағалауының бірегей көріністері, Алматы өңірінің табиғи інжу-маржандары – Қайыңды көлі, Саты туристік ауылы, Қапшағай су қоймасы, Ақмола облысының Көбейтұз көлі мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағы іспетті табиғи ландшафттары бар.

Жобаға Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, Туризм және спорт министрлігі, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және өңірлердің әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.