All posts by editor

Ақтауда екі ірі су құбыры жарылды

Фото: inbusiness.kz

28 сәуірге қараған түні және сол күні таңертең Ақтауда екі құбыр жарылды.Бұл туралы жергілікті Lada басылымы жазды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Біріншісі таңғы сағат 04:00 шамасында болды: 13-шағын аудандағы жолды су шайып жатыр. Ол жол бойында ондаған метрге жайылып, оны оқиға куәгерлері видеоға түсіріп алған.

«ҚЖСА» мемлекеттік кәсіпорны ауыз су құбырында жарылыс болғанын хабарлады. Оны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір тұрғын үй сусыз отыр.

Екінші оқиға таңертең болды: Ақтау тұрғындары 1-шағын аудандағы құбыр жарылғанын айтып шағымданды.

Ақауды «ҚЖСА» МКҚК қызметкерлері жөндеп жатыр. Коммуналдық сала қызметкерлерінің айтуынша, ауыз суды бойынша ешқандай шектеу жоқ.

Коммуналдық компания екі жағдайға да тозған инженерлік желілер себеп болғанын айтып отыр.

Елена Рыбакина Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты

Фото: Olympic.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы матчын дүниежүзілік рейтингіде 46-орында тұрған италиялық Лючия Бронцеттимен өткізді.

Бұл қос теннисшінің өзара бірінші кездесуі еді.

Бастапқы партияда Елена 2:0 есебімен алға шыққанымен, Лючия таразы басын теңестірді. Дегенмен Рыбакина брейкпен тәмамдады – 6:4.

Екінші сетті Бронцетти брейкпен бастағанымен, Рыбакина ойын тізгінін қайта қолға алды – 4:1. Содан кейін қатарынан үш эйс жасап, бірінші матчболын сәтті пайдаланды – 6:3.

Бір сағат 16 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді. Бронцетти 2 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, украиналық Марта Костюк немесе рейтингіде 72-сатыдағы мысырлық Майар Шерифтің қай жеңгенімен шеберлік таластырады.

Е.Рыбакина өткен аптада Штутгарт WTA 500 жарысының финалында М.Костюкті ұтып, чемпион атанған болатын.

Өткен жылы қазақстандық теннисші Мадридте екінші айналымнан аса алмаған еді.

«Қуандық қажы». Бұрынғы әйелі Бишімбаевтың бес рет қажылыққа барғанын айтты

Фото: Жоғарғы сот

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман әлеуметтік желіде көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Бұл жолы Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевтың діни көзқарасы жайлы айтты, деп жазады El.kz.

Желі қолданушылары Назым Қаһарманға «Бишімбаевтың дінге көзқарасы қандай болған?», — деген сауал жолдады.

«Ол ата-анасы сияқты әрқашан дінге жақын болатын. Мен білуімше, ол бес рет кіші қажылыққа барған. Бірақ оның арқасында дін мен рухани дүние деген екі түрлі нәрсе екенін түсіндім», — деп жауап берді Назым Қаһарман.

Бишімбаевтар әулетінің діни сенімінен бөлек көріпкел-балгерлерге жиі жүгінетіні жөнінде де айтып қалды.

«Әрдайым көп нәрсе білгісі келетін. Басқа адамдарға қарағанда бәрін бірінші боп білуге тырысатын. Отбасымен көріпкелге баратын», — дейді Назым Қаһарман.

Бұған дейін өткен сот отырыстарында Қуандық Бишімбаев ораза ұстап, мешітте ауызашар бергені жөнінде айтқан еді. Сондай-ақ азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкеновадан да намаз оқуды талап еткені анықталған.

Әлеуметтік желіде әйелді тепкілеп, жұдырықпен ұрған ер адамның видеосы тарады

Фото: egovpress

Әлеуметтік желілерде әйелін төпелеп жатқан ер адам таспаланған тағы бір видео тарады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Оқиға Алматы қаласында болған. Видеода ер мен әйел бір үйдің кіреберісінде тұрғанын көруге болады. Ер адам әйелді бірнеше рет теуіп, артынша бетінен жұдырықпен ұрады. Әйел баспалдақтың жақтауынан ұстап, құлайды. Сондай-ақ ол оған айқайлап жатады, деп жазады Stan.kz.

Осы жағдайға байланысты Алматы полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.

“Бұзақылық” фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір видеода бейнеленген азаматтардың кім екені мен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Кінәлі азамат міндетті түрде жауапқа тартылады”, – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Танымал рэпер өлім жазасына кесілді

Фото: TRT

Иран соты елдің танымал рэпері Тумадж Салехидің 2022 жылғы наразылық шерулерін көпшілік алдында қолдағаны үшін өлім жазасына кесілгенін растады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі TRT арнасына сілтеме жасап.

33 жастағы музыкант екі жыл бұрын қамауға алынған, бірақ рэперді өлім жазасына кесу үкімі қазір ғана шықты. Салехи 2022 жылғы 18 қарашада кепілге босатылды, бірақ екі аптадан кейін қайта қамауға алынды.

25 сәуірде Иран революциялық соты рэперді өлім жазасына кескен. Рэпердің адвокаты Амир Райсиан сот үкімі айыпталушыға «оның өкінуі мен билікпен ынтымақтастығы» үшін жазаны жеңілдетуге құқық беретінін айтты.

Салехиге 20 күн ішінде сот үкіміне шағымдану үшін Жоғарғы сотқа жүгіну керек. Айыптау үкімі күшіне енсе, Рақымшылық жасау жөніндегі сот комиссиясы оның жазасын жеңілдету үшін оның ісін қарайды.

Тумадж Салехи 2022 жылғы қазанда күрд әйел Махса Аминидің өлімінен кейін Иранда басталған шерулерді көпшілік алдында қолдағаннан кейін ұсталды. Маусымда рэпер «жер бетіндегі жемқорлық» — Ирандағы ең ауыр қылмыстардың бірі, өлім жазасына кесілуі мүмкін деген айыппен алты жылға сотталды. Музыкант «интернеттегі жалған ақпарат» және «мемлекетке қарсы үгіт-насихат» таратқаны үшін, сондай-ақ, адамдарды зорлық-зомбылыққа шақырғаны үшін кінәлі деп танылды. Иранда мыңдаған қолданушы Салехиді тез арада босатуды талап етіп жатыр.