All posts by editor

Шымкентте аудан әкіміне айыппұл салынды

Фото: Pixabay

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкіміне айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қаратау ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру және бюджет қаражатын игеру кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізген. Оның нәтижесі бойынша конкурстық құжаттамада мемелекеттік сатып алу бойынша заңнамада көзделмеген талаптарды көрсету деректері белгілі болған. Сондай-ақ әлеуетті өнім берушіні біліктілік талаптарына сәйкес емес деп заңсыз тану және өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған жеткізушілерге шара қолданбау фактілері анықталған.

Қалалық прокуратура мәліметінше, аудан әкіміне қатысты прокурорлық қадағалау актісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабы 5, 7 және 10-бөліктері бойынша (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу) әкімшілік құқық бұзушылық туралы 9 хаттама толтырылды. Мемлекет кірісіне 332 280 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Мемлекет басшысы Қаржы министрі Мәди Такиевті қабылдады

Фото: Ақорда
Президентке мемлекеттік қаржының негізгі параметрлері, оның ішінде биылғы І тоқсанда жұмсалған республикалық бюджет қаражаты туралы есеп берілді. Осы ретте 3 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4,5 триллион теңгеге жуық кіріс кірген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнімсіз бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Мәди Такиевтің айтуынша, жүргізілген сараптама нәтижесінде биыл 300 миллиард теңгеден астам соманы қысқарту ұсынылған. Бұл қаражат экономикалық қайтарымы барынша жоғары шараларға жұмсалады.

Мемлекет басшысына бюджетті басқару тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Аталған шаралар жаңа Бюджет кодексіне енгізілген.

Бұдан бөлек Президентке салықтық-кедендік әкімшілендіру ісіндегі жаңа бастамалар таныстырылды. Министрдің айтуынша, жаңа Салық кодексінің жобасында салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілген, тексерулер санын қысқарту жөніндегі нормалар қарастырылған, камералық бақылау және салық берешегін өндіріп алу тәсілдері өзгертілген.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен кедендік шекарасындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Жобаның жүзеге асырылуы өткізу мүмкіндігін 6 есеге дейін ұлғайтып, өту уақытын 2 есе қысқартуға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарын тексеру ісін тәулік бойы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Барлық өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстарын жыл соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр.

Мәди Такиев мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау жоспары жөнінде айтты. Оның мәліметінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң жобасында сатып алу рәсімдерін жеңілдету және бюрократиядан арылту, құрылыс нарығында монополияға жол бермеу, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымның сатып алуларын бірыңғай платформаға көшіру көзделген.

Кездесу соңында Президент мемлекеттік қаржының жағдайын жақсарту, атап айтқанда, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларын цифрландыру арқылы жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бишімбаев ісі бойынша Байжановтан бір айып алынып тасталды

Фото: Жоғарғы сот

Әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сотта жарыссөз басталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Сот отырысында жарыссөз басталды. Қазір прокурор Айжан Аймағанова сөз сөйлеп, дәлелдер негізінде Салтанаттың қалай қысымға түскенін айтып жатыр.

“Салтанат – Күн сәулесі секілді жарқын қыз еді. Бишімбаев оны экономикалық, психологиялық тұрғыдан өзіне тәуелді етті. Тіпті өлгеннен кейін өзін ақтау үшін марқұмды қаралап, бар кінәні оған жауып жатыр”, – деді Аймағанова.

Судья Айжан Құлбаева Байжановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы «Қылмыс туралы хабарламау» деген айыпты алып тастады.

Газада 13 мың бала көз жұмды

Фото aa.com.tr

Қарулы қақтығыс басталғалы Газа секторында 13 мыңнан аса бала көз жұмды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Тағы 17 000 жақындарынан айырылып, жетім қалған. Тиісті мәліметті ЮНИСЕФ өкілдері жария етіп отыр, деп жазады 24.KZ.

Мамандар балалардың біліміне де алаңдаулы. Өйткені атыс-шабыстан өңірдегі мектептердің 80% бүлінген. Салдарынан оқушылар сабақ оқудың орнына үй-жайын тастап, басы ауған жаққа босып кеткен.

Әйелімен жанжалдасқан ақтаулық қамауға алынды

Фото: Pixabay

Маңғыстау облысында әйеліне күш көрсеткен ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Түпқараған аудандық сотында әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-1-бөлігі бойынша Е. есімді азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық (Физикалық ауырлық келтіре отырып ұрып-соғу немесе күш көрсету, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келмеген) туралы іс қаралды.

Сотта Саин Шапағатов ауылының тұрғыны әйелімен жанжал кезінде оны қорлап, бір қолымен мойнынан ұстап тұрғаны, яғни күш көрсеткені, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтірмегені анықталды, – деп атап өтті Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот ер адамды әкімшілік жауапқа тартып, 10 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енді.