Астанада өткен сот отырысында Туризм және спорт министрлігінің құзырындағы Құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитетінің өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Олардың айтуынша, Жанабылов пен оның серіктестерінің сатылымға шығарған курстарының мазмұны тек формалды сипатқа ие болған.
— Бұл курстардың ешқандай практикалық пайдасы жоқ. Ал құны – 30 мың теңге — негізсіз қымбат, — деді комитет өкілдері сотта.
Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өтті.
– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өткенін еске салып, биыл да осы сала үшін айтулы жыл екеніне тоқталды.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толды. Шымкент мұнай өңдеу зауытына 40 жыл, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл толып отыр. Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.
Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желіде отбасындағы ерлі-зайыптылар қарым-қатынасына байланысты жазба жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Өнер иесі жұбайы Нұртас Айдарбековпен бірге қысқа видео түсіріп, оқырмандарына ұсынды.
– «Бұл біздің шағын бейнеміз. Соңымыздан ерген жас отбасыларға ой салар деген ниетпен түсірдік. Нұрекеңнің “Өкінген емеспін” әнінен үзінді қосып, тойға бара жатып түсіре салғанбыз. Бар болғаны екі минут кетті. Негізі өмірде де сондаймын. Ұзақ ашуланып жүре алмаймын. Сөйлемей-ақ қояйын десем де, бес күндік өмірді ит-мысықша өткізбейік деп ойлаймын. Ашу түбі – өкінішке апарады. Әйел әрқашан ер азаматына бір саты төмен тұруы тиіс. “Үйлену оңай, үй болу қиын” деген мақал бекер емес. Қарап отырсаңыз, болмашы нәрселер үшін, менмендік пен көкіректік кесірінен қаншама отбасы ыдырап жатыр. Соның зардабын ең алдымен балалар тартады. Мейірімге зәру болып өскен балалардың тағдыры ауыр. Ал аштық пен соғыстан көз ашпаған елдерді көргенде тәубеме келемін», – деп жазды продюсер.
Айдарбекованың жазбасы желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Бірі оның ойымен келіссе, енді бірі әйел мен еркектің теңдігіне назар аударды.
– «Терең ой қалдыратын видео екен»,
– «Кешірімді болу дұрыс, бірақ кешірім сұрамайтын еркектер де кездеседі»,
– «Ер мен әйел тең болса несі жаман?»,
– «Кешіргіш болсаң, келініңнен кешірім сұра»,
– «Осы ақылын баласына айтпай ма»,
– «Нұртас ағамыз әпкемізді шын сүйетіні көрініп тұр», – деп жазды оқырмандар.
Жақында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин кездесті. КХДР қауіпсіздік қызметкерлері Ким Чен Ын тиген барлық затты сүртіп, оның су ішкен стақанын да қоса алып кеткен, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Reuters жазуынша, Солтүстік Корея осылайша шетел тыңшылығына қарсы қауіпсіздік шарасын қабылдаған.
Ресей тілшісі Александр Юнашев Telegram-арнасында Ким Чен Ын кеткен соң оның күзетшілері бөлмені қалай тазалап жатқаны бейнеленген видео жариялады. Олар барлық затты мұқият сүртіп, бөлмеде ешбір із қалдырмаған.
КХДР басшысы Бейжіңге өзінің арнайы пойызымен барды. Ол бұл сапарға өзінің жеке жылжымалы дәретханасын да алған. Жапонияның Nikkei басылымы бұл Ким Чен Ынның денсаулығына қатысты деректер жария болып кетпес үшін жасалады деп отыр. Себебі адамның биологиялық үлгілері арқылы оның жағдайы туралы білуге болады.
Жалпы алғанда, Солтүстік Корея басшысының қауіпсіздік қызметі Ким Чен Ын қолданатын заттарға дезинфекция жасайды.
Осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін де болған. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чжэ Инмен кездесу кезінде Ким Чен Ын келгенге дейін оның орындығы мен үстелі антисептикпен өңделген. 2023 жылы да Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде Ким Чен Ын отыратын орындық металл іздегішпен тексерілген.
Осыдан 153 жыл бұрын Алаш руханиятының темірқазығы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
ХІХ-ХХ ғасырда қазақ халқы үшін қандай ауыр болғанын түсіну үшін Байтұрсын әулетінің арғы-бергі тарихына көз салса жетіп жатыр.
Әкесі мен ағаларының нақақ қудалануы жүрегіне шоқ боп түскен алаш арысы 1937 жылы атылғанға дейін ұлт ұпайын түгендеп өтті.
Бұған оның бүгінге цензура мен плагиаттан әупіріммен аман жеткен ғылыми еңбектері мен әлі күнге дейін табылмай келе жатқан құнды дүниелерінің даңқ-дақпырты дәлел.
Ол қазақ публицистикасы мен ғылыми тілін жасанды, қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін төл терминологияның негізін қалады.
Ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытты.
Алашорда үкіметінің белді мүшесі болған. 2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне ауыстырылды.
Былтыр ғұламаның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. Осыған орай, ҚазАқпарат арнайы жоба әзірлеген болатын.
Ғалымның ғылыми еңбектері мен шығармаларын қамитын академиялық басылымын баспаға әзірлеген топқа жетекшілік еткен ғалым Айгүл Ісмақованың пайымынша, қазақ тілінің латын әліпбиі Ахмет Байтұрсынұлының теориясы бойынша түзілуі керек.
Өмірбаяны
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген.
1937 жылдың 8 желтоқсанында Алматыда ату жазасына кесілді.
Оның 1929 жылдың 12 мамырына дейінгі өмірбаяны өз қолымен жазылып, тарихқа қатталған.
1882-84 жылдары кейде ел ішіндегі сауатты адамдардан, кейде жақын маңдағы ауыл мектептерінен білім алып, сауат ашады.
1886-1891 жылдары Торғайдағы екі сатылы (әр сыныбы 3 жылдан) орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде оқыды.
1891-1895 жылдары Орынбор қазақ мұғалімдер мектебінде білімін тереңдетті. Бұл мектепті бітіргендер 6 жыл мұғалім болып жұмыс істеуге міндетті еді. Осылайша 1895-1891 жылдары әртүрлі ауыл мектептерінде, кейін облыстық мектепте, екі сыныптық (екі сатылы) оқу мекемелерінде жұмыс істеді.
1901-1909 жылдары өз бетімен білімін толықтырып, шығармашылықпен айналысады.
1909 жылы Қарқаралы қаласындағы екі сыныптық училищенің меңгерушісі болып жүргенде Семей губернаторы Тройницкидің өкімімен тұтқындалып, Семей түрмесіне жіберіледі.
1909 жылдың 1 шілдесінен 1910 жылдың 21 ақпанына дейін сол түрмеде отырады. Одан босағанымен Қазақстан аумағында тұруға тыйым салынады. Тек Ресей аумағындағы губернияда тұруға рұқсат етіледі.
«Менің таңдауым Қазақстанға жақын жатқан Орынбор қаласы болды, мұнда 1910 жылдың 10 наурызында келдім», — деп жазады өзі.
1910-1918 жылдары қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын, қазақ әліпбиі мен емлесін ғылыми дәйекпен ретке келтіріп, қазақ тілінің лексикалық қорымен синтаксистік құрылымын өзге тілдердің ықпалынан тазартуға күш салды. Сол мақсаттың жетегінде қазақ тіл білімі, әдебиеттану, түркология саласына негіз болған ғылыми еңбектерін құрастырып бастады. Қазақ публицистикасы мен ғылыми тілін жасанды, қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін төл терминологияның негізін қалады.
1918 жылдан 1919 жылдың басына дейін «Алаш-Орда» құрамында қызмет істейді.
1919 жылы наурызға дейін Алаш-Орда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды.
1919 жылы наурызда Алаш-Орда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге қатысты.
Оның табандылығының арқасында сәуірде Алаш-Орда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды.
1919 жылдың екінші жартысынан 1920 жылдың соңына дейін «Қазақ өлкесінің әскери-төңкерістік комитетінде» комитет мүшесі болып қызмет етеді.
1920 жылы сол кездегі бірінші басшы В.И. Ленинге Мәскеудің Қазақстанды басқару ісіндегі қателіктерін сынап, хат жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне атсалысты. 1919 жылдың 27 тамызында Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің «Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы» шешіміне қарсы жазған саяси наразылығы Қостанай өлкесін бөлшектенуден құтқарып қалды.
1921 жылдан бастап Қазақстандағы жауапты лауазымдарда қызмет атқарды. Атап айтсақ, Оқу-ағарту ісі жөніндегі бірінші халық комиссары, Халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың төрағасы, Қазақ халық ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, алқа мүшесі сияқты лауазымдарда еңбек етті.
1921-1928 жылдары Халыққа білім беру институтында қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ мәдениеті пәндерінен дәріс оқыған.
1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті болды.
1928 жылдың 1 қазанында Қазақ халық ағарту комиссариатының ұсынысымен Қазақ мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасына профессор лазауызымына шақырылады.
1929 жылғы маусымның басында Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, Мәскеудегі Бутырка абақтысына тергеуге жөнелтіледі. Аты шулы «үштіктің» 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешімі бойынша ату жазасына кесілген еді. Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгертіліп, 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылдың қарашасында 3 жылға Архангельскіге жер аударылады. Ал 1933 жылы мамырда денсаулығының нашарлауына байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен бірге өткізуге рұқсат беріледі.
1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П. Пешкованың ара түсуімен отбасымен бірге мерзімінен бұрын босап, Алматыға оралады.
Сол кезден 1937 жылға дейін түрлі мекемелерде ауық-ауық жұмыс істейді. 1937 жылы 8 қазанда соңғы рет тұтқындалып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді.
Ең алғаш жарық көрген әдеби жинағы – «Қырық мысал» (1909 ж.). Екінші кітабы – «Маса» (1911ж.).
Сондай-ақ, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Ф. Вольтер, С.Я. Надсон өлеңдерін аударды.
Ғылыми еңбектері: 1911-1912 жылдары төте жазу негізінде «Әліппе» түзіп, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларынан басып шығарды. 1912-1925 жылдары «Оқу құралы» атты еңбегі 7 рет (кейінгі деректер бойынша 8 рет) жетілдіріліп басылды.
1926 жылы «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды.
«Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған еңбегі және бар.
1913 жылы «Қазақ» газетінің үш санында «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы шықты. Бұл Абайға қазақ жазба әдебиетінің төрін ұсынған еңбек еді.
1923 жылы Мәскеуде жүріп «Ер Сайын» жырын алғысөз бен түсініктеме бере отырып шығарды.
1926 жылы «23 жоқтау» кітабы жарық көрді. Дәл сол жылы «Әдебиет танытқыш» та баспа бетін көрді.
Ахметтанушы Райхан Имаханбеттің дерегі бойынша, архив құжаттары Ахмет Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихы», «Уголовный кодекс РСФСР» атты кітаптары болғанын айғақтайды. Аталған еңбектер әлі табылмай отыр. Ғалым өзі жазған өмірбаянында 14 кітабы басылғанын айтады. Қазіргі ахметтанушылардың пайымынша, 20 кітабы баспадан жарық көріп, 3 қолжазбасын баспаға ұсынғанымен шығаруға мүмкіндік болмаған.