All posts by QazaqToday

«10 рет келісімшарт ұзарттық»: мәдениет басқармасы зейнетке шыққысы келмеген әншілердің наразылығына жауап берді

Басқарма басшысының сөзінше, зейнеттегі әншілер үйірме өткізіп, шәкірт тәрбиелегісі келмейді

Кеше Facebook әлеуметтік желісінде елімізге белгілі дәстүрлі әншілер – Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның өздерін жұмыстан босатып жатқандарын айтып, наразылықтарын білдірген болатын.

«Құрметті халайық, армысыздар! Біз Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясында 45 жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Еңбегіміз еленіп мемелекеттік марапат та алдық. Енді облыстық мәдениет басқармасы мен филармония басшылары бізді жұмыстан шығып, киелі сахнаны босатыңдар деген талап қойып отыр. Сіздердің пікірлеріңіз қажет болып тұр. Нұрғали ағамыз, Бибігүл апайымыз, басқада сахна саңлақтары әлі күнге дейін өз ұжымдарында жұмыс істеп, өнерлерін паш етіп жүр. Филармониямызда республикаға еңбек сіңірген бар-жоғы 4-5 өнер қайраткері бармыз, бәрімізді зейнеткер деп сахнадан қуып шығу әділдік пе? Кейінгі өнерлі жастарға облысымыздың мақтан тұтар, бетке ұстар өнер тарландары деп үлгі етудің орнына сахнадан кетіңдер дегені қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар? Бәріміздің кәсіби деңгейіміз жоғары. Фонограмма дегенді қолданбаймыз, халық үшін сағаттап ән салып, күй тартуға бармыз. Пікірлеріңізді күтеміз!» — деп жазған.

Аталған жазба әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Бір тарап «бұл дәстүрлі өнерге жасалып отырған қиянат» десе, енді бір тарап «зейнеткерлер орындарын босатып, жастарға орын беруі тиіс» деп пікір білдіруде.

«АЙЛЫҚТАН ЗЕЙНЕТАҚЫ КӨП БОЛСА, ЕШКІМ РЕНЖІМЕС ЕДІ»

Azattyq Rýhy тілшісі аталған жағдайға байланысты белгілі өнер саласы өкілдері мен облыстық Мәдениет басқармасы басшысының пікірін сұрап білді.  Ақын, журналист Айнұр Төлеу әділдікті адамның лауазымы мен танымалдығына қарамай бірдей талап ету керекпіз дейді.

«Президентіміз де, әншіміз де, талантымыз бен дарынымыз да зейнетке шыққан соң, демалуы керек. Бізде қалай? Біз танымайтын бөгде адамдар зейнетке шықпай қойса «шалдар орын бермей қойды» деп шығамыз. Ал танитын, елге танымал осындай ағаларымыз сөйлесе, әділетсіздік, бассыздық деп ұрандаймыз. Демек, өзіміз әділетсізбіз. Бірақ сол әділетті талап етуге шеберміз. Өнерде «пенсия» жоқ депті біреу.  Ал енді шығып келе жатқан өнерпаз не істеуі керек сонда? Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы – зейнетақыны көбейту. Сонда адамдар зейнетақыға шығуға асығар еді. Айлықтан зейнетақы көп болса, мемлекет еңбек еткен азаматтарын алғыспен, ренжітпей шығарып салса, ешкім ренжімес еді»,-деді журналист.

Ал сатирик Асқар Наймантаев болса тәжірибелі өнерпаздардың халық алдында жүре бергені дұрыс деп отыр.

«Осы жаңалықты жаңа Facebook-тен көріп, өзім де таңғалып отырмын. Өнер әлемі «кәрі-жас» болып бөлінбейтін кезі болады. «Жастарға орын босатсын, зейнетке шыққасын кетсін!» деген пікір де оқып отырмын. Кей жастардың көрерменге сұранысы бар ма?! Республика бойынша алмай-ақ қояйын, сол облыс төңірегінде дейік Қанат пен Айткүлдей республикаға танымалдылары саусақпен санарлық емес пе? Қанат, Айткүлдер Кеңес үкіметі кезінен өзге елдерге де танымал тұлғалар. Жасыратыны жоқ, Алматы залдарында неше түрлі концерттер ұйымдастырып жүрміз. Афишаға суретін салып қойғанда көпшілік Қанат пен Айткүл, Мақпал, Розалар үшін билет алады. Жастарды алтынмен жалатып қойсаң да өтпей жатады. Бірақ, солар қатысқан кештер арқылы жастар таныла бастайды. Осындай тұрғыдан алып қарағанда жасы келді деп емес, енді берері жоқ, қызығы таусылды деп бағалап көрсе қысқартатын бастықтар. Жанбай жатып сөніп, сахнада көрерменмен салғыласып жататын, той мен қасиетті сахнаны шатастырып алған жастарды да көріп жүрміз. Сахнаның этика, эстетикасынан жұрдай сондай жастан гөрі, осындай ысылған өнерпаз қатарда жүре тұрғаны, үлгі-өнеге бола тұрғаны керек шығар», — деп пікір білдірді Наймантаев.

«ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР КОНЦЕРТТЕРДЕ ӨНЕР КӨРСЕТПЕЙ, ҮЙДЕ ЖАТЫП, ТҰРАҚТЫ АЙЛЫҚ АЛУДЫ ҚАЛАЙДЫ»

Алматы облысының мәдениет басқармасының басшысы Марлен Көлбаев әншілердің заңды түрде зейнетке кетуін талап ету «сахнадан кет» дегенді білдірмейтінін айтты. Алматыда тұратын дәстүрлі әншілер осы уақытқа дейін филармонияда бірде-бір шәкірт тәрбиелемеді деп отыр.

«Құдайбергеновтерге ешкім «сахнадан кетіңіздер» деген жоқ. Айткүл әпкеміз зейнетке шыққаннан кейін келісімшарт жеті жылға жеті рет, Қанат ағамызға үш жылға үш рет ұзартылды.  Филармония директоры маған келіп: «Бізде 7-8 зейнеткер жұмыс істейді, олар Талдықорғанда емес, Алматыда тұрады. Концертке шақырсақ кейде «ауырып қалдық», енді бірде «өздерің өткізе бересіңдер ме, ол концертте кімнің алдында өнер көрсетеміз, кім бар, кім жоқ деп айтады. «Зейнет жасындағы мамандарды зейнетке жіберсек бола ма?» деп рұқсат сұрады. Мен зейнетке жібер, ол кісілерге жағдайды түсіндіріп, зейнетке салтанатты түрде шығарып салайық дедім. Директор «Біздің филармонияның есігі өздеріңізге әрқашан ашық. Індет аяқталған соң, концерт қоямын десеңіздер, оны ұйымдастырып берейік. Облыста үлкен концерттер болып жатса, сіздерді ақылы түрде шақырамыз. Біз сіздерді қуып жатқан жоқпыз, сіздердің орындарыңызға жас мамандарды алайық» деген. Қанат ағаның да, Айткүл апайдың да филармонияға ертіп әкелген шәкірті жоқ», — деді басшы.

«ҮЙІРМЕ АШЫП, ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕСЕ ҚОЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ»

Басшының мәліметінше, филармонияда 15-ке жуық дәстүрлі, тағы 15-ке тарта эстрада әншісі бар. Құдайбергеновтерден бөлек, зейнетке шығуды өзге де әншілерден өтініп, салтанатты түрде шығарып салуды жоспарлаған.

«Негізі ол кісілер бірінші қаңтардан бастап зейнетке кету керек болатын, бір ай бұрын ескерту қағазы берілді. Елдегі Төтенше жағдайға байланысты зейнетке шығару рәсімін ақпанға қалдырдық. Шапандарын кигізіп, халықтың алғысын айтып шығарып салуды жоспарлағанбыз. Бұл кісілер өздері Алматыда тұрады, жұмыстары Талдықорғанда. Қаңтардағы көтеріліс осы жұмыссыздық үшін, әділетсіздік үшін болды. Жастар келіп жұмыс сұрайды, зейнетақысы бар зейнеткерлер ресми жұмыстарын бергілері келмейді. Біз ол кісілерді сахнадан қуып жатқан жоқпыз, тек жастарға мүмкіндік, жұмыс берейік деп жатырмыз. Біздің Алматы облысында 17 аудан, 3 қала бар. Солардың қайсысына барып концерт қоямын десе, біз залын, аппаратурасын тегін беріп, қолдау көрсетуге дайынбыз. Халық сыйлайтын өнерпаздар екенін бәріміз білеміз. Ол кісілер Алматыда тұрады, концертке шақырсаң келгілері келмейді.Мемлекет тарапынан жаңадан ашылып жатқан бағдарламалар бар, солардың аясында үйірмелер ашып, шәкірт тәрбиелеймін десе біз қаржысын төлеп, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірақ ол кісілер бұл ұсынысымызға көнбей отыр, өздері Алматыда жүре берсе, айлықтары тұрақты түрде жүріп отырғанын қалайды», — деді Марлен Көлбаев.

Сондай-ақ, Мәдениет басқармасы басшысынан бүгінде елордада тұрып, тележүргізушілікпен айналысып жүрген Гүлнұр Оразымбетованың «Облыстық филармонияда жұмысын жүргізуі жалғаса ма?» деген оқырмандар сауалына да жауап сұрап көрдік.

«Гүлнұр Оразымбетова бізде жарты ставкіге қойылған, танымал әншілерді концерттерге гонорар шақырып төлеу қымбат болған соң, осылай ресми жұмысқа тіркеп қойған. Филармония басшысына «Әділдік бәріне тең болуы үшін ол кісіні де жібер» дедім.  Тағы да айтамын, біз Құдайбергеновтерді сахнадан қуып жатқан жоқпыз, осыны ескерсеңіздер екен. Енді ол кісілер біздің шешімімізбен келіспеді екен деп, жұмысқа қайта ала салмаймыз ғой. Әділдік бәріне тең болуы тиіс», — деді басшы.

Айжан Тәшенова: Қаңтар оқиғалары үшін Мамай да толық жауап беруі тиіс

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Мамайдың наразылық білдірушілерге жетекшілік етуге тырысқан

Заңгер Айжан Тәшенова қаңтар оқиғалары үшін Жанболат Мамай да толық жауап беруі тиіс екенін мәлім етті.

«Құрметті достар! Бүгін Ж.Мамай пост жариялап, Б.Байбектің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау туралы жазған талап-арызы бойынша сот шешімін қайта қарау жөнінде Жоғарғы Сотқа жүгінгені туралы мәлімдеді.

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, мұнда бәрі айқын көрініп тұр. Осы арқылы Мамайдың өзі Жоғарғы Сотқа жүгінгенін және оның өтінішін қайта қараудан бас тартқаны туралы бұрынғы барлық мәлімдемелері – толығымен өтірік екенін растап отыр (https://www.facebook.com/zhanbolat.mamay/posts/4853854394657377). Менің ойымша, бұл ешкімді де таң қалдырмайды. Біз тағы да өзіне назар аудартуға тырысып, хайп іздеген Мамайдың арзан қойлымын көріп отырмыз.

Заңгер ретінде Жоғарғы Сот Инга Иманбаеваның дәл осындай өтінішін қараудан бас тартқанын түсіндіріп өткім келеді. Жоғарғы Соттың қаулысы преюдициялық мәнге ие. Бұл дегеніміз, Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға талап-арызы бірдей жағдайларға негізделгендіктен, Мамайдың да өтініші қанағаттандырылмайды деп толық сеніммен айтамын. Негіздеме: Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның маған сенім білдіруші Б.Байбекке қатысты жалған айыптауларына ешқандай да дәлелдің болмауы», — деп жазды Facebook парақшасында.

Оның айтуынша бүгінгі күні біздің еліміз қаңтардағы қайғылы оқиғаның салдарынан әлі де шыға алмай отыр.

«Көптеген адамдарды оның себебі неде және оның артында кім тұр деген сұрақ мазалайды. Бұл ретте, өткен жылдың сәуір айында Б.Байбек өзінің сұхбатында Ж.Мамайдың деструктивті әрекеті, оның адамдарды алдау әдістері, кез келген себеппен көшеге шығуға шақыруы, заңды елемей, полициямен қарама-қайшылыққа түсу үлкен қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескерткен болатын.

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Мамайдың наразылық білдірушілерге жетекшілік етуге тырысқанында оны митингке шыққандардың өздері соққыға жыққаны да нақты көрсеткіш болып табылады (https://www.facebook.com/100001300204657/posts/4671142569605704/?d=n). Бұл оның халық арасында еш беделінің жоқ екендігін көрсетеді. Ол қуыршақ ойнатушылардың қолындағы жай ғана «соқыр қуыршақ», — деді Айжан Тәшенова.

Сөз арасында ең бастысы, Мамай жылдар бойы өз қызметін жазасыз жүргізіп, көптеген мемлекет қайраткерлерін ауыр күнә жасады деп дәлелсіз айыптап, біздің қоғамда өшпенділікті қалыптастырды.

«Көшелерге шығуға, заңсыз митингілер ұйымдастыруға, полициямен текетіресуге үнемі шақыруларымен Мамай және оның қамқоршылары 2022 жылдың қаңтар айындағы лаңкестік әрекеттерге барлық жағдайды жасады.

Тек маған сенім білдіруші ғана Мамай мен Иманбаеваға тек азаматтық тұрғыда талап қою туралы шешім қабылдап, көпшілікке олардың кім екенін және олардың мәлімдемелері жалған екендігін көрсетті.

Бұл барлығына үлгі боларлық жағдай және болашақта азаматтарымыз өздерінің ар-намысын қорғау үшін сотқа жүгінуден қорықпауы керек. Біздің қоғамда өтірік пен жала жабу үлкен қылмыстарға алып келуі мүмкін екендігін түсіне отырып, біз оларға тосқауыл қоюымыз керек», — деді заңгер.