All posts by QazaqToday

Тендер арқылы 90 млн теңге ұтып алған: Алматы облысында мердігер компания қалыңдығы 1 см асфальт төседі

Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылының тұрғындары сапасыз асфальт төсеген мердігер компания мен жергілікті билікке наразы. Жұқа жолмен жүріп көрген азаматтар алғашқы күні-ақ асфальттың кейбір жерлері опырылып қалғанын жеткізді. Ал бұл жұмысты кілтипансыз атқарамыз деп тендерге қатысқан мердігер компания 90 милион теңге ұтып алғанын Жамбыл ауылдық окургінің әкімі Роман Қойлыбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy-қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

«Тасы шығып жатыр. 5 сантиметр деген әңгіме жоқ, 1 сантиметрге де толмайды. Бұл қалай болады екен, білмеймін. Бірінші күні жүріп едік, ортасы опырылып кетті. Мына су үйдегі моншаның астына қарай кетіп қалды. Мұнда құбыр әкеліп салмаса болмайды. Ал мынау Жамбыл көшесі, былай қарай дөң, астына қарай түсетін жол бар. Бұл жерде де халық тұрады, мұнда екі көпір керек. Оған қоса 1500 метр жол, шеткі көшелер жөнделетін орындардың қатарына кіргізілмеген. Осының бәрі ауыл әкімінің салғырттығы», — дейді Жамбыл ауылының тұрғындары.

Ал Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев асфальт төселіп, әбден тапталғаннан кейін қалыңдығы кем дегенде 5 сантиметр болуы керек екенін айтты. Әкім өз сөзінде жауапты компания жұқа жолдың бетін қырып, бір-екі күн бұрын қайтадан қалыңдатып төсегенін жеткізді.

«Иә, ең алғашқы көшеге төсегенде сондай жұқа болып қалды. Өйткені, жер тегіс болмағандықтан, бір жерге жұқа, бір жерге қалыңдау болып кеткен. Қазір оны қырып алып, қайта дұрыстап төседі. Мердігер компания қателіктерін мойындады. Тапсырыс беруші – аудандық жол бөлімі. Тендерді ойнатып отырған, жобалық-сметалық құжатты да ұсынып отырған осы жол бөлімі. Менде тек қадағалау жағы ғана ғой. Қабылдап алатын да негізгі тапсырыс беруші. Ал ауыл әкімдігі жұмыстың қалай жүріп жатқанын, асфальттың қалай салынып жатқанын қадағалауға қауқарлы.

Жобада 6 көше болған. Ауылымыздың ішкі жолдары негізі 14 шақырым болған. Оған 3 жоба жасалынған. Биыл 6 көшеге асфальт төселіп бітті, қазір айналасын тазалау жұмыстары, жол белгілерін орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Тамыздың 10-на дейін аяқталатын шығар. Жолды салған мердігер компания жұмыстарын жақсы атқарды дей аламын. Өйткені, саз балшық болып кететін көшелерге бірнеше қабаттан да төседі. Көпірлердің барлығын орнатты. 3 шақырым жолды төсеп, 47 құбырды орнатқан мердігер компания 90 миллион теңге ұтып алған. Нақты сомасын аудан әкімдігі біледі. Одан кейінгі көшелерге тендерді аудан әкімдігі шығаратын болады. Енді оны қандай компания ұтып алатыны белгісіз. Ол келесі жылға қалатын шығар», — деді Жамбыл ауылдық окургінің әкімі Роман Қойлыбаев.

Қырғызстандағы кездесу: 5 мемлекеттің басшылары қандай құжаттарға қол қойды

 Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі, Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақтық бағдарламасы қабылданды.

Бұдан өзге, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт келісілді және оған қол қою рәсімі басталды.

«Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Аралды құтқару халықаралық қоры президентінің өкілеттіктерін ұзарту туралы шешімге қол қойылды», — делінген хабарламада.

Алматы облысында ассамблея жастарының I республикалық слеті басталды

Алматы облысында «Жаңа Қазақстан: тарих бірлігі, дәстүрлер мен мүмкіндіктер» ассамблея жастарының I республикалық слеті өтеді. Аталмыш шара республиканың түкпір-түкпіріндегі «Ассамблея жастарының» басын қосады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.

Айта кетейік, Алматы облысында 250 мыңнан астам жастар бар, олардың тек мыңы ғана «Ассамблея жастары» қатарында.

«Іс — шараның басты ерекшелігі- қатысушы жастарға Алматы облысының тарихи көрікті жерлерімен танысуға мүмкіндік берілуінде. Біздің шараның Алматы қаласында орналасқан қазақ халқының кемеңгер тұлғаларының бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық мұражайынан басталуының символдық мәні бар. Менің ойымша, осы бірнеше күн ішінде біздің жастар ортақ тарихымыздың жаңа беттерін ашып, республикамыздың киелі жерлерімен таныса алады», — деп атап өтті «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев.

Жастар слеті Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 22 шілдеге дейін өтеді. Жобаға қатысушылар «Ассамблея жастары» ұйымын дамыту үшін өз идеяларын ортаға салып, талқылайды.

Бокс және грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерацияларының басшылары тағайындалды

Қонаев қаласындағы спорт мектебінде кеңейтілген кеңес өтіп, жаңа басшылар тағайындалды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы федерациялардың алдағы жұмыс жоспарын бекітті, деп хабарлайды Qazaq.today  ақпараттық агенттігі. Жиында Алматы облысының бокс, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерацияларының басшылары, спорт мектептеріндегі директорлар кеңесінің төрағасы, аға жаттықтырушылар тағайындалды.

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев елімізде олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, қазақ спортын жаңғырту, жарыстарда қоржынға жүлделі орындар салу ортақ міндет екеніне тоқтады. Сондай-ақ, Алматы облысының екіге бөлінуіне байланысты облыстық бокс, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенттерін сайлау күн тәртібіндегі басты мәселе екенін айтты.

Басқарма басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Дәурен Төлегенді Алматы облыстық бокс федерациясының президенті лауазымына, Дамир Күзембаевты грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті лауазымына тағайындады.Ол болашақта қазақ балаларын әлемдік аренаға шығару — қажырлы еңбектің бұл еңбектің жемісі болары сөзсіз екенін баса айтты. Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт мектептері директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Дархан Әшіров бекітілді.
Кеңесте сөз алған федерациялардың жаңа президенттері сенімді ақтап, аймақтағы спортты дамытуға күш салу аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.

 

«Зарядкам өліп қалған»: Алматы облысының тұрғыны далада «мас күйде» жатқан ауыл әкімін тауып алды (видео)

Облыс әкімдігі аталған жағдайға қатысы қызметтік тексерістің жүргізілетінін айтты

Алматы облысында «мас күйінде» иен далада қалған ауыл әкімін тұрындар тауып алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy-на сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Тілі күрмеліп, әзер сөйлеп тұрған адам Райымбек ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев болып шықты. Ол көлік жүргізуге шамасы келмей, далада қалып қойған.

Тас қараңғыда қалған адамды тауып алған тұрғындарға әкім «зарядкасының өліп қалғанын» айтып, көмек сұраған. Әкімнің ақ жейдесіне құсық жабысып қалған сыңайлы. Қойлыбаевтың иел далада қанша уақыт отырғаны белгісіз.

Облыс әкімдігі аталған жағдайға қатысы қызметтік тексерістің жүргізілетінін айтты.

Ал ауыл әкімі Қойлыбаевтың өзі келеңсіз қылығын түсіндіріп бере алмады.

Роман Бекзадаұлы Жамбыл ауылдық округін 2018 жылдан бері басқарып келеді.