ҰҚК бұрынғы басшысы К.Қ. Мәсімовке, А.Т. Садықұловқа, Д.Е. Ерғожинге, М.С. Өсіповке және лауазымды адамдар Д.М. Акиповке, Н.К. Бекмұратқа, А.А. қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл туралы Qazaq.today комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәсімовтің және Садықұловтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану)
Ерғожин ҚК 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
Өсіпов ҚК 362-бабы 3-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
Акипов және Бекмұрат ҚК 362-бабы 1-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) сараланды.
Қазіргі уақытта күдіктілерді іс материалдарымен таныстыру жүргізіліп жатыр.
Іс материалдарымен танысу кезеңіне қамауда ұстау мерзімі Мәсімов пен Садықұловқа ү.ж. 6 қазанға дейін, Ерғожинге ү.ж. 13 қазанға және Өсіповке ү.ж. 22 қазанға дейін ұзартылды.
Айта кетсек, 6 қаңтарда ҚР ҰҚК мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚР ҚК 175 – бабы, 1-бөлігі). Осыған байланысты Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдар ұсталып, УҰИ-ға қамалды.
Сәуір айының соңында Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР ҰҚК-ның бұрынғы төрағасының немере ағасы Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке қатысты сотқа дейінгі тергеуді қолға алғаны белгілі болды. Оған артынша іздеу жарияланып, шекара қызметі қолға түсірген болатын.
Батыс Қазақстан облысындағы ет комбинаты әбден тозған. Кеңес кезінде салынған алып комбинат батыс өңірді ғана емес, Ресейдің бірнеше облысын да етпен қамтамасыз етіп тұрған. Тәулігіне бір мың бас малды сойып, сақтауға мүмкіндігі бар ет комбинаты бүгінде ешбір санитарлық талапқа сай емес. Белгілі болғандай министрлік пен әкімдік тоз-тозы шыққан ет комбинатына киік етін сақтап, өңдемек болыпты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Жаңақала ауданындағы ет комбинатында мамандар кеңес дәуірінде де киік сойып, етін сақтаған. Одақ ыдырағанда комбинат жекенің меншігіне өткен. Қараусыз қалған құрылғылар ескіріп, қабырғасы кісі шошырлық қорқынышты күйге жеткен. Мекеме директорының айтуынша саны көбейген ақбөкеннің 80 мыңын ату туралы жоспар құрылғанда етін өзі жетекшілік ететін комбинатқа тасымақ болған.
«Бір мұздатқышта 527 қойдың еті жатыр. Бір ауысымда 900 басқа дейін қой сойып жатырмыз. Үлкені бар, кішісі бар. Егер киіктерді ату туралы рұқсат берілсе, күніне түрлі салмақтағы 1,5 мың басқа дейін сойып үлгереміз. Киіктердің етін сақтайтын үш мұздатқыш бар, бір мезетте 5,5-6 мыңға дейін сақтай аламыз. Киікті сойып, етін ораған соң, осы мұздатқышта 7-8 сағат салқындатылып сақталады. Одан кейін етті консерві жасайтын, өзге де ет сататын дүкендерге жіберілетін еді. Бұл комбинатта кезінде киік сойылған. БҚО ең үлкен ет комбинатының бірі болған. Бізге киік сойып, оны сақтау проблема емес. Тәжірибеміз бар. Қазір күніне 400-500 бас қойды сойып жатырмыз. Ұсақ малдан бөлек ірі қараны да сойып жатырмыз», — деді ет комбинатының директоры Мерлан Кенжеғалиев.
Кәсіпкердің сөзінше батыс өлкеде мал да, киік те көп, тек уақытылы сойып үлгерсең болғаны, етке сұраныс өте жоғары. Кәсіпкер комбинатта киік етін сақтауға келіскен.
«80 мың киікті ату туралы ұсыныс шыққанда осында тасып, сою туралы ұсыныс болды. Облыстан адамдар келіп көрді. Біз киікті сойып, етін мұздатқышта сақтай аламыз. Бірақ бір киікті сойып, етін мүшелеп, сақтап берудің құны нақтыланбады. Үкімет киікті соясың деп нақты менімен келісімшарт жасасса, қосымша жұмысшы алып, тәулік бойы жұмыс істер едік. Үлкен ет комбинатын тоқтатып, шағын қасапхана салғанбыз. Тәулігіне сойылып жатқан 400-500 қой мен 100-ден астам ірі қараны сол қасапханада соямыз. Киіктің терісі нарықта қанша тұратынын да білмейміз. Тері өңдейтін он шақты зауытқа хабарластық, ешқайсысы жауап айта алмайды. Киік терісінің құнын ешкім анықтай алмай отыр. Киіктің терісі жұмсақ, жұқа, сапасы өте жоғары болғандықтан сұраныс жоғары болған еді, кезінде. Қазір киіктің терісі тұрмақ қойдың терісін мемлекет кәдеге жаратпайды, жарамсыз. Тек сиырдың терісін тұздап, жинап өткіземіз. Мемлекет жолын тапса барлығын іске асыруға болар еді. Тіптен шетелдіктер де алуға дайын. Тек заңды рұқсат берілсе болғаны, пайдаға асыруға болады», — деді Мерлан Сәулетұлы.
Алайда облыстық мәслихаттың депутаты кәсіпкердің де, министрлік пен әкімдіктегілердің де ұсынысын қолдамайды. Оның сөзінше ақбөкендерді қараусыз қалған ет комбинатында сою тағы да шикі жұмыстың бірі боп саналады. Айтуынша комбинатты түгелдей жаңалап барып қасапханаға айналдырмаса, мыңдаған тонна ет ысырап болады.
«Бұл ет комбинатын арнайы аралап көрдік. Сапасы сын көтермейді. Көп қаржыны талап етеді. Облыс әкіміне де арнайы хат жолдап, ұсыныстар айттым. Ешқандай жауап жоқ. Киіктің етін заманға сай, жаңа ет комбинатында өңдеу керек. Ақбөкендерді атпай, тормен ұстаған дұрыс. Билік киіктің де, шаруа қожалықтарының да проблемасын ұмытып кетті. Шөп қурап, жайылым тарылып, өзен-көлшіктер тартылғалы қожалықтардың да жағдайы қиындай түсті. Тамыз айы да бітті, ертең күз келіп, суық түскенде саны көп киіктерді қырып аламыз. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев, оның орынбасары Дамир Тұрғамбаев, Асқар Әбдірахаманов – осы салаға жауапты адамдар. Бұлардың бәріне хабарласудан, айтудан жалықтық. Ешқайсысы нақты ештеңе айта алмайды. Өздері не істерін білмейді, жауапкершіліктен қашып отыр. Ұйықтап қалды. Ауыздарына құм құйылды. Билік те, министрлік те киіктің проблемасын ұмытып кетті. Қыста, көктемде киіктің қырылып қалу қаупі жоғары. Жайылым жоқ, киікті басқа өңірге айдау туралы да ұсынысты айта алмайды. Шаруа қожалықтарына үміт беретіндей бір ұсыныс, не бір пікір жоқ. Бізге бәрібір дегендей отыр», — деді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серік Жарылғапов.
Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ақбөкендердің тағдырына қатысты қазір ешқандай шешім қабылданбаған. Арнайы зерттеу жүргізілген соң ғана шешім қабылданады. Бірақ ол зерттеу жұмыстарының қашан басталатыны да белгісіз.
Алматы қалалық спорт басқармасының лауазымды қызметкерлері 370 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлықққа қарсы агенттіктің хабарлауынша, басқарманың қызметкерлері қомақты қаражатты аудару үшін жеке кәсіпкерді пайдаланған.
«Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы Спорт басқармасының бұрынғы басшысы және оның қарамағындағы қызметкерлер ЖШС директорымен алдын ала сөз байласып, спорт жабдықтарын жалға алуға, мемлекеттік сатып алу шеңберінде сертификаттар мен кубоктар сатып алуға жалған шарттар ресімдеу және қаражатты ЖШС директорының туыстарының банктік шоттарына негізсіз аудару арқылы 369 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды», — делінген хабарламада.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Қарағанды облысындағы Саран қаласында тұрған ескі танкке белгісіз біреу «Z» белгісін салып кеткен. Бұл туралы жергілікті белсенді Айсұлтан Жақыпов өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Айта кетейік, «Z» және «V» белгілерін Украинада соғысып жатқан Ресей қарулы күштері өздерінің символы ретінде қарастырады. Аталған белгілерге қатысты Ресейдің өзінде және Украинада да бірнеше рет дау көтерілген. Ал, күні кеше Нұр-Сұлтанда жүрген ресейлік туристің жейдесіндегі «Z» белгісі үшін Қазнет қолданушылары мәселе көтерді.
Айсұлтан Жақыповтың пікірінше, танкке «Z» белгісін салып кеткен адамды тауып, заң аясында жауапқа тарту керек. Оны тауып, ұстау қиын емес дейді ол. Өйткені, сол маңда бір емес бірнеше бейнебақылау камерасы орналасқан.
Ол сондай-ақ, соғысты насихаттайтын және еске алатын танкті де қала орталығынан алып тастауды ұсынды. Мұндай танк Саран мен Балқаш қаласында бар дейді ол.
Әлеуметтік желідегі осынау жазбадан кейін танкке салынған белгі өшірілді.
Алматы полициясы 29 шілдеде түнгі уақытта жеке секторда зорлауға оқталу фактісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталының тілшісі. Журналист Михаил Козачковтың Telegram каналында оқиғаның видеосы пайда болды.
«Бұл видеоны Рүстем есімді ер адам жіберді. Ол 28 шілде күні түнде Алматының төменгі жағында өз жұмысымен келе жатқанда көмек сұраған бойжеткен жолға жүгіріп келгенін айтты. Қыздың артынан жас жігіттің де қуып келгенін көруге болады. Рүстем қыз баланы көлікке отырғызып алып кетті. Қыздың айтуынша, екі жігіт оны осы жаққа алдап алып әкеліп, зорлауға тырысқан, бірақ ол қашып үлгерді», — деп жазады ол.
Осы оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті ресми хабарлама таратты.
«Алматы қалалық полиция департаменті 2000 жылы туған Б. азаматшаны зорлауға оқталу фактісін Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тергейтінін хабарлайды. Жәбірленуші оқиғадан біраз уақыт бұрын спирттік ішімдік ішкен достарының бірінен күдіктенеді. Мән-жай анықталуда», — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктілерді қоға түсіру үшін жедел-тергеу тобы құрылған. Тергеу барысын Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы жеке бақылауға алды.