All posts by QazaqToday

Мерекедегі марапат: Тоқаев шахтер мен ауыл жұмыскеріне «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді

Фото: Ақорда

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.  Бұл туралы Ақорда мәлім етті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.

Өндірісті өркендетуге және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС механизаторы М.Қаражұмановқа, тау-кен саласындағы айтулы жетістігі және ұзақ жылғы еңбегі үшін Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ «Шахтинская» шахтасының учаске бастығы С.Чернобайға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Павлодар облысындағы «Галицкое» ЖШС директоры А.Касицин «Отан» орденімен марапатталды.

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы К.Исаев, Қазақстан журналистикасының ардагері С.Харченко І дәрежелі «Барыс» орденімен; «Ақтоғай» су электр стансасының директоры Т.Баймолдаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі О.Сәбден, еңбек ардагері Е.Тәжиев, «Алматы әуендері» концерттік оркестрінің бас дирижері М.Серкебаев және басқалар ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен; К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары А.Алматов пен Н.Измаилов, «Ақсайгазсервис» АҚ холдингі компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Т.Шектебаев, ақын Ә.Беркенова және басқалар ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

Еліміздің рухани кемелденуіне және зияткерлік әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін белгілі ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне және өндіріс саласының өкілдеріне «Парасат» ордені берілді. Олардың қатарында «Ильинское» ЖШС директоры А.Бурлев, ақын Ғ.Жайлыбай, «Мұнай-газ кешені ардагерлері» РҚБ кеңесінің мүшесі Т.Хасанов, Қазақстан журналистикасының ардагері Е.Брусиловская, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі М.Башабаев және басқалары бар.

Бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Social theater-Camogli» (Италия) театрының көркемдік жетекшісі Аквавива Джузеппе ІІ дәрежелі «Достық» орденіне лайық деп танылды.

«Құрмет» орденімен марапатталғандардың қатарында Астанадағы № 3 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері М.Абдуов, «Құмқұдық» ЖШС бас инженері Б.Айтжан, «QazaqGaz Aimaq» Алматы өндірістік филиалының слесарі Г.Жасыбаева, Ұлттық ядролық орталықтың лаборанты Ю.Карягин, Орталық мемлекеттік архивтің директоры С.Шілдебай, актриса Г.Дусматова, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры А.Чеботарев және басқалары бар.

Ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденімен «Ахыска» түрік этномәдени орталығының Шымкент қаласы филиалының төрағасы Л.Асанов, Павлодар облысы бойынша орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы В.Берковский, «Возрождение» Қазақстан немістері бірлестігі қамқоршылар кеңесінің төрағасы Е.Больгерт, «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Р.Валиев, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы төрағасының орынбасары А.Исматуллаев марапатталды.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік салалардың еңбеккерлері III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің кавалері атанды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері З.Алтынбаеваға, Ә.Алтынбекке, Н.Жмеренецкаяға, Б.Қажыбаевқа, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері И.Сауэрге және тағы да басқаларға берілді.

«Қазақстанның халық жазушысы» атағына ақын М.Айтқожа, жазушы Ғ.Қабышұлы, «Қазақстанның халық әртісі» атағына музыка, театр және кино өнерінің көрнекті қайраткерлері Б.Әбділманов, М.Өтекешова, А.Жайымов, Т.Жанқұл, Ш.Жанысбекова, Б.Ибраев, К.Қазақбаева, Р.Машурова лайық деп танылды.

Денсаулық сақтау және ғылым саласының бірқатар өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атақтарына ие болды.

«Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталар атласының» құрастырушылары М.Әбсәметовке, Р.Аязбаевқа, Е.Көлдеевке, Е.Мұртазинге, В.Смолярға, сондай-ақ түсті металлургиядағы экологиялық қауіпсіздік жөніндегі зерттеулердің авторлары Б.Кенжәлиевке, В.Володинге, Е.Оспановқа, С.Требуховқа, А.Шахаловқа Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сонымен қатар белгілі археолог З.Самашев, тарихшы М.-А.Сыдықназаров Қазақстан Республикасының А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Айта кетерлік жайт, Жұмысшы мамандықтары жылына орай Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 500-ге жуық жұмысшысы мен еңбеккері, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.

Сонымен қатар, Президент Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы 2025 жылғы мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2025 жылғы мемлекеттік сыйлығы:

1) «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталар атласы» тақырыбы бойынша жұмысы үшін:

«У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Мәліс Құдысұлы Әбсәметовке;

«АлматыГидроГеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Рахматулла Аязбаевқа;

«Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ержан Итеменұлы Көлдеевке;

«У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының ғылым жөніндегі орынбасары, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Ермек Жәмшитұлы Мұртазинге;

«У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірлік гидрогеология және геоэкология зертханасының бас ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Владимир Александрович Смолярға;

2) «Кондициялық емес түcтi металлургияның шикiзатынан жоғары сапалы селен алудың экологиялық қауiпсiз вакуум-термиялық технологиясын дайындау және оның өнеркәсiптiк өндiрiсiн ұйымдастыру» тақырыбы бойынша жұмысы үшін:

«Металлургия және кен байыту институты» акционерлік қоғамының бас директоры – басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақдәулет Кенжәлiұлы Кенжәлиевке;

«Металлургия және кен байыту институты» акционерлік қоғамының вакуумдық процестер зертханасының бас ғылыми қызметкері, техника және физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Валерий Николаевич Володинге;

«Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кешенді технологияларды дамыту және инвестицияларды жоспарлау департаментінің директоры, техника ғылымдарының докторы Ержан Арыстанбекұлы Оспановқа;

«Металлургия және кен байыту институты» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары, вакуумдық процестер зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Сергей Анатольевич Требуховқа;

«Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кешенді технологияларды дамыту және инвестицияларды жоспарлау департаменті техногендік шикізатты кешенді қайта өңдеу басқармасының бастығы Александр Александрович Шахаловқа берілді.

Қызылордадағы қызғаныш: әйелінің киімдерін өртеп жіберген азамат сотталды

Фото: nur.kz

Қызылорда облысы Сырдария ауданының соты мас күйінде әйеліне былапыт сөз айтып, отбасының берекесін қашырған, тіпті, ұрыс кезінде әйелінің киім-кешегін өртеген азаматты соттады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Ол 5 күн қамалады, одан кейін 3 ай бойы ішімдік ішпей, есірткі тартпауы керек.

«Азамат кінәсін мойындады. Сот оны 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алды. Сот азаматтың мінез-құлқына 3 ай мерзімге алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға толық көлемде тыйым салуды міндеттейтін ерекше талап белгіледі», — деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Зәбір көрген әйел күйеуінің бұл әрекетін кешірмейтінін айтқан.

АҚШ-тың«Томагавк» зымырандарын Украинаға беруден бас тартуындағы саясатының сыры

Сарапшының айтуынша, АҚШ-тың Украинаға «Томагавк» зымырандарын бермеу шешімі — елдің әскери емес, саяси есебі бар қадам.

«Америка Құрама Штаттары қолындағы “күшті карталарды” жағдайға қарай тиімді пайдалануда. Қажет болса, белгілі бір сәтте сол картаны “жүріп”, қажет жағдайда ұстап қалуы мүмкін. Томагавктарды беру соғысты жаңа деңгейге шығарып, қақтығыстың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал», — дейді Жекенов.

Оның сөзінше, Ресей бұл қадамды АҚШ-тың соғысқа тікелей араласуы ретінде қабылдауы мүмкін.

«Ресей жағы мұндай әрекетті ашық соғысқа тең деп бағалайды. Сондықтан АҚШ бұл бағытта аса сақ қимылдап отыр. Президенттің басты мақсаты — қақтығысты тоқтату емес, оны өз саяси имиджі үшін тиімді пайдалану», — дейді сарапшы.

Думан Жекенов Дональд Трамптың сыртқы саясаттағы ұстанымына да тоқталды. Оның айтуынша, Трамптың шынайы мақсаты — бейбітшілік орнату емес, өзін «қақтығыстарды тоқтата алатын лидер» ретінде көрсету.

«Трамптың басты назары — жеке саяси беделінде. Украинадағы жағдай, басып алынған аумақтардың тағдыры немесе қираған қалалардың қалпына келуі оған екінші орында. Бұған дейін де ол Зеленскиймен кездесуінде және Ресеймен байланыстарында ультиматумдық риторика қолданған болатын», — деп атап өтті профессор.

Сарапшының пікірінше, Батыс елдері де соғыстың тез аяқталуын қаламайды.

«Батыс Еуропа елдері қақтығыстың баяу, бірақ ұзаққа созылғанын жөн көреді. Себебі соғыс неғұрлым созылса, Ресей соғұрлым әлсірейді. Сондықтан көмек көлемі де шектеулі — олар соғысты тоқтататындай емес, жалғаса беретіндей деңгейде қолдау көрсетіп отыр», — деді Думан Жекенов.

Маманның пікірінше, сырт көзге АҚШ президенті бейбітшілікке ұмтылып жатқандай көрінгенімен, іс жүзінде Батыс елдері бұл соғыстың ұзақ мерзімді перспективада өздеріне тиімді болуын көздеп отыр.

Ақтөбедегі психикалық орталықтың басшысы өліп қалған 205 адамның атын қылмысқа пайдаланған

Фото: istockphoto.com

Ақтөбенің прокуратурасы есірткі саласындағы қылмыстарға талдау жасай отырып, психикалық денсаулық орталығының қылмысын әшкереледі, деп хабарлайды Qazaq.today.

Дереккөзге сүйенсек, орталық қайтыс болған немесе көшіп кеткен 205 адамның атын жамылып, қылмыс жасаған.

«Зерттеу барысында есірткіге тәуелді деп есептелетін 205 адамның қайтыс болғаны немесе басқа өңірлерге көшіп кеткеніне қарамастан, орталық оларды есептен шығармаған. Осылайша, осы адамдардың еміне негізсіз түрде 2,5 млн теңге бюджет қаражаты бөлініп, орталықтың есепшотына аударылған», — деп хабарлады прокуратура.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бюджет қаражаты кері қайтарылып, 6 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Франция президенті Эммануэль Макрон әйелінің еркек емес екенін сотта дәлелдемек

Фото: Thomas Krych/Zuma Press Wire/Shutterstock

Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның жұбайы АҚШ сотына Брижит Макронның жынысын ғылыми тұрғыда дәлелдейтін айғақтар ұсынбақ, оның ішінде бірінші ханымның жеке суреттері бар, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі Theguardian-ға сілтеме жасап.

Бұған дейін Америкалық саяси коментатор, белсенді Кэндис Оуэнс Брижит Макрон «ер адам болып туған» деп жариялаған болатын. Шілде айында ерлі-зайыптылар белсендіні жалған ақпаратты таратқаны үшін сотқа берген. Оуэнс «Брижит Макрон шын мәнінде Жан-Мишель Тронье есімді ер адам» деп, осы туралы сегіз бөлімнен тұратын подкаст сериясын да шығарды. Макрондардың адвокаты Том Клэрдің айтуынша, бұл ақпарат Франция президентін алаңдатып, Брижит Макронды қатты күзейтіп кеткен.

Адвокат сотта ғылыми сипаттағы сараптамалық қорытындылар ұсынылатыны айтты. Оның ішінде Брижит Макронның жүкті кезі, оның балаларының фотосуреттері болады.

Макрондардың талап арызында Жан-Мишель Троньенің Брижиттің бірге өскен ағасы екені және Францияның солтүстігіндегі Амьен қаласында тұратыны көрсетілген. Тронье 2017 және 2022 жылдары Эммануэль Макронның инаугурацияларына қатысқан.

72 жастағы Брижит Макрон күйеуінен 24 жас үлкен. Олар алғаш рет мектептегі театр студиясында танысқан. Брижиттің алдыңғы некесінен 1975, 1977 және 1984 жылдары туған үш баласы және жеті немересі бар.

Exit mobile version