Фото: Үкімет
Денсаулық сақтау туралы заң жобасы Үкіметке белгіленген мерзімнен 30 күн кеш ұсынылған. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, биыл мемлекет үшін маңызды заңнамалық бастамалар қабылданып, бірқатар маңызды құжаттар Парламент қарауына енгізілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Медициналық сақтандыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, баламалы энергетиканы дамыту, инвестициялық қорларды реттеу және басқа да басым бағыттар бойынша заң жобалары әзірленіп, Парламентке жолданды. Әсіресе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты қабылданған шаралар әрбір азаматтың сапалы әрі қолжетімді медицинаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Ал инвестициялық қорлар туралы жаңа заң капитал нарығын тиімді дамытуға серпін береді», – деді Үкімет басшысы.
Сонымен бірге Премьер-министр бірқатар заң жобаларын енгізу мерзімдерінің сақталмағанын сынға алды. Оның ішінде денсаулық сақтау туралы заң жобасының Үкіметке 30 күн кеш тапсырылғанын атап, мұндай жағдайға жол бермеу қажеттігін айтты.
Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң шығару жұмыстарының жоспарының уақытында орындалуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс екенін еске салды.
«Бірқатар құжат Үкімет Аппараты мен Президент Әкімшілігінің ескертулерінен кейін қайта өңделіп, толықтырылды. Дегенмен жалпы алғанда, биылғы жылға жоспарланған заң жобалары Парламентке енгізілді, сондықтан жоспар орындалды деп есептейміз», – деді Премьер-министр.
