Фото: ҰОК
2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізу үшін 13,3 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Сонымен қатар ұлттық құраманың дайындығын күшейту мақсатында шетелден 13 ТОП-деңгейдегі жаттықтырушы-кеңесші тартылды. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 бағыты дамып келеді. Олимпиадалық резервті қалыптастыру үшін спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда ел аумағында қысқы спорт түрлеріне арналған 1262 спорт нысаны жұмыс істейді. Бұл нысандар халықтың қысқы спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасап отыр.
— Қысқы спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданатын азаматтар саны шамамен 149 мың адамға жетті. Ал спорт мектептері арқылы қамтылған балалар мен жасөспірімдер саны 17 мыңға жуықтады. Ұлттық құраманы іріктеу халықаралық жарыстардағы көрсеткіштерге сүйене отырып жүзеге асырылады. Министрлік федерациялармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуеті жоғары спортшыларды анықтады, — деді Ербол Мырзабосынов.
Аталған тізімге халықаралық аренада үздік нәтиже көрсетіп, әлем чемпионаттары мен әлем кубоктары кезеңдерінде жүлдегер атанған спортшылар енді.
— Солардың қатарында фристайл-могулдан 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы әрі ересектер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Анастасия Городко бар. Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль иеленсе, Софья Самоделкина әйелдер арасындағы Гран-приде Қазақстан тарихындағы алғашқы күмісті жеңіп алды, — деп нақтылады министр.
Шорт-тректен Денис Никиша 2024 жылғы әлем чемпионатында тарихи күміс жүлдеге қол жеткізіп, бұл нәтижесін 2025 жылы да қайталады. Конькимен жүгіруден Евгений Кошкин 2025 жылғы Әлем кубогының кезеңдерінде екі мәрте алтын медаль еншіледі. Ал 2025 жылғы Азия ойындарында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов фристайл-акробатикадан Қытайдың басты фавориттерін жеңіп, алтын жүлдені иеленді.
Жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін министрлік спорт федерацияларымен бірге ұлттық құраманы даярлаудың кешенді жоспарын әзірледі. Бұл жоспар аясында оқу-жаттығу жиындарын өткізу, медициналық және психологиялық қолдау көрсету, спортшыларды қаржылай қамтамасыз ету, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау, дұрыс тамақтану мен білікті мамандармен жұмыс істеу көзделген.
— Дайындық барысында ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізді, ал спортшыларымыз 125 халықаралық жарысқа қатысты. Жалпы қаржыландыру көлемі 13,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 585 млн теңге федерациялар есебінен, 5,3 млрд теңге республикалық бюджеттен, 6,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен және 1,2 млрд теңге Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан бөлінді, — деді министр.
Сондай-ақ қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың бас бапкерлері бекітілді. Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бағыттары бойынша 13 жоғары деңгейдегі шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылған.
