Алматы тауларындағы қар көшкіні: 17 жастағы 11-сынып оқушысы қаза тапқандар қатарында

Фото: statemag.state.gov

Алматы маңындағы тауларда болған қайғылы оқиғада қар көшкіні астында қалған үш турист қаза тапты. Марқұмдардың арасында 11-сыныпта оқитын 17 жастағы Мағамедтің болғаны көпшіліктің жүрегін ауыртты.

Бұл туралы Qazaq.today порталы хабарлайды.

КТК дерегінше, жасөспірім бірнеше жылдан бері альпинизммен айналысқан, тәжірибелі турист болған. Анасы Румина үшін бұл хабарға сену әлі де қиын екенін айтады.

Оның сөзінше, Мағамед тауды ерекше жақсы көрген: альпинизмді жай хобби емес, өмірінің бір бөлігі санап, осы уақытқа дейін шамамен 30-ға жуық шыңды бағындырған. Соңғы сапарға да жауапкершілікпен әзірленіп, құрал-жабдық, азық-түлік пен жылы киімді толық алып шыққан.

Соңғы байланыс қай жерде үзілді?

Анасы баласымен ең соңғы рет Мынжылқы маңында бейнебайланыс арқылы сөйлескен. Сол кезде Мағамед күлімдеп тұрып, ары қарай байланыс ұстамайтынын, алаңдамауын өтінген.

Румина сол сәттің скриншотын сақтап қалғанын айтады. Қазір бұл фото ана үшін ең ауыр естелікке айналған.

Жорыққа үш дос бірге шыққан. Олар 12 сағаттан астам уақыт хабарласпаған соң, жақындары дабыл қағып, құтқарушыларға жүгінген.

Марқұмдардың туыстары бұл сапар кездейсоқ болмағанын айтады: маршрут алдын ала белгіленген, топта жетекші болған, уақыт кестесі жасалған, қосымша киім мен қауіп-қатер факторлары да есепке алынған.

Құтқару жұмысы неге ұзаққа созылды?

Іздеу жұмыстарына Алматы қаласының ТЖД бөлімшелері, құтқарушылар, еріктілер мен кинологтар тартылып, тікұшақ та көтерілген. Алайда қатты жел, қалың қар мен қолайсыз ауа райы операцияны күрделендірген.

Құтқарушылардың мәліметінше, туристерді қар көшкіні басып қалған. Үшеуінің де мәйіті шамамен 3700 метр биіктікте, Локомотив шыңының маңынан табылған.

Марқұмдарды төменге түсіру жұмысы жаяу жүргізіліп, алты сағаттан астам уақытқа созылған. Алматы қалалық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцевтің айтуынша, іздеу-құтқару шаралары төрт мың метрге жуық биіктікте өткен.

Қалың қар, боранды жел, төмен температура және кей аумақта 50 сантиметрден асатын қар қабаты құтқарушыларға едәуір қиындық келтіргені айтылады.

Қаза тапқан туристердің жасы 17 мен 20 жас аралығында. Бұл оқиға Алматы тауларында қыс-көктем мезгілінде қар көшкіні қаупі жоғары болатынын және тәжірибелі, дайын адамдардың өзі тәуекелге тап болатынын тағы бір мәрте көрсетті.

Яндекс.Метрика