2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік жүргізушілері нені ескеруі керек?

Сурет: ЖИ

2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі өседі. Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) көтерілуі себеп. Соның нәтижесінде айыппұлдар шамамен 10 пайызға қымбаттайды. Бұл өзгеріс жүргізушілердің қалтасына тікелей әсер етпек.

Ең алдымен жол-көлік оқиғасына қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Егер жүргізуші ереже бұзып, соның салдарынан көлікке, жүкке, жолға немесе басқа да мүлікке материалдық залал келтірсе, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл – 108 мың теңгеден аса қаражат. Ал егер жол апаты салдарынан адам жеңіл дәрежеде жарақат алса, айыппұл көлемі 40 АЕК-ке дейін өседі немесе жүргізуші куәлігінен 9 айға дейін айырылуы мүмкін. Ал көлік басқару құқығы жоқ немесе құқығынан айырылған адамның кінәсінен осындай жағдай орын алса, айыппұл одан да жоғары – 60 АЕК.

Жол апатынан кейінгі әрекет те қатаң бақылауда. Егер жүргізуші өзі қатысқан жол-көлік оқиғасы орнын себепсіз тастап кетсе, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Алайда зардап шеккен адамды ауруханаға жеткізу үшін кеткен жүргізуші бұл жауапкершіліктен босатылады.

Құжатсыз немесе құқықсыз көлік жүргізу де қымбатқа түседі. Егер жүргізуші өзімен бірге жүргізуші куәлігін немесе көліктің құжаттарын алып жүрмесе, ескерту жасалады немесе 5 АЕК айыппұл салынады. Ал жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік тізгіндесе, 50 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау – ең жиі кездесетін әрі қауіпті құқықбұзушылықтардың бірі. Мұндай жағдайда жүргізуші 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал тоқтатылған кезде көліктен рұқсатсыз шығу немесе полиция талабын орындамау 5 АЕК айыппұлға әкеледі.

Мемлекеттік нөмірге, техникалық жағдайға және заңсыз өзгерістерге қатысты талаптар да бар. Нөмірі оқылмайтын, стандартқа сай емес немесе дұрыс орнатылмаған көлік үшін 5 АЕК айыппұл салынады. Ал нөмірсіз немесе тіркеуден өтпеген көлікпен жүру 10 АЕК айыппұлға әкеледі. Жалған немесе қолдан жасалған нөмір таққан жүргізушілер 15 АЕК төлейді.

Техникалық талаптарға сай емес, ақауы бар немесе заңсыз қайта жабдықталған көлік те назардан тыс қалмайды. Мұндай жағдайда айыппұл көлемі 5-тен 15 АЕК-ке дейін жетеді. Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген көлік үшін де 5 АЕК айыппұл көзделген.

2026 жылдан бастап жол ережесін бұзу бұрынғыдан да қымбатқа түседі. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру, жолдағы қауіпсіздікті күшейту. Сондықтан айыппұл төлемеу үшін ең тиімді жол – ережені сақтау.

Яндекс.Метрика