Фото: Түркістан облысының спорт басқармасы
Түркістанда өткен салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, әлем чемпионаттарында топ жарған спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Облыс басшысы 2025 жылы бокс пен каратэден өткен әлемдік додалардағы жеңістердің Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол Сәкен Бибосыновтың халықаралық ареналарда ел намысын лайықты қорғап келе жатқанын, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанғанын және екі мәрте әлем чемпионы болғанын ерекше атап өтті. Дубайда өткен соңғы әлем чемпионатында спортшы 54 келі салмақта қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар әкім каратэден әлем чемпионатында қола жүлде иеленген Әсел Қанайдың жетістігін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл жеңіс — айрықша мақтаныш. Әсел Қанай 2025 жылы өзінің салмақ дәрежесінде әлемнің үздік спортшысына берілетін «Grand Winner» атағын иеленген. Бұған дейін ол Азия ойындарының қола жүлдегері әрі Азия чемпионы атанған.
Нұралхан Көшеров чемпиондарды тәрбиелеген бапкерлер мен ата-аналарға алғыс білдіріп, алдағы басты мақсат — Олимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салу екенін жеткізді.
Марапаттау рәсімінде Әсел Қанай мен екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа автокөлік кілттері табысталды. Бұған дейін боксшы Алуа Балқыбекова да автокөлікке ие болған еді.
