Қазақстанға туристер көп келетін елдердің тізімі белгілі болды

Фото: shutterstock.com

Қазақстан 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 12 миллионнан астам шетелдік туристі қабылдады. Негізгі туристер Қытай, Үндістан, Түркия, Германия және Оңтүстік Корея елдерінен келген. Қонақтардың басым бөлігі Алматы, Астана және ірі өңірлерді таңдаған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек аралығында елге 12,1 миллион шетелдік турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 730 мың адамға көп. Олардың 8,6 миллионы Қазақстанда бір тәуліктен астам уақыт аялдап, толыққанды турист санатына кірген. Шетелдік қонақтардың шамамен 1 миллионы қонақүй мен мейманханаларды пайдаланған. Сонымен бірге ішкі туризм де өсуде: осы кезеңде 6,7 миллион қазақстандық қонақүйлерде тоқтаған.

ҰҚК Шекара қызметінің мәліметіне сүйенсек, келушілер санының айтарлықтай артқаны байқалады, әсіресе ТМД-дан тыс елдер тарапынан қызығушылық жоғарылаған.

Қазақстанға ең көп келетін елдер:

  • Қытай: 693 мыңнан астам турист (42% өсім). Мұндай көрсеткіш визасыз режим, жаңа рейстер және елдің Қытай нарығында белсенді насихатталуымен байланысты.

  • Үндістан: 113 мың турист (өсу бар).

  • Түркия: 103 мыңнан астам турист. Туристік ағым тұрақты рейстер мен мәдени-іскерлік байланыстардың арқасында сақталып отыр.

  • Германия: 81 мыңнан астам турист. Неміс қонақтарын табиғат, этнотуризм және тарихи орындар қызықтырады.

  • Оңтүстік Корея: 41,3 мыңнан астам турист (25% өсім). Бұған визасыз режим және тікелей рейстер әсер еткен.

Ең танымал бағыттар:

  • Алматы және Алматы облысы

  • Астана және Ақмола облысы

  • Маңғыстау облысы

  • Түркістан облысы

  • Шығыс Қазақстан облысы

eQonaq жүйесінің деректеріне сәйкес, туристер ең көп тоқтаған өңірлер қатарында Алматы, Астана, Атырау облысы, Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары бар.

Яндекс.Метрика