Трамп: «Путин Украинаның өркендеуін қалайды» — Зеленский ирониялы реакция білдірді

Фото: Медуза

28 желтоқсанда Флоридада Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі аяқталғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында күтпеген мәлімдеме айтылды.

Бұл туралы Qazaq.today порталы хабарлайды.

Журналистер Трамптан: келіссөздер алдында Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін ескеріп, Ресейдің соғыстан кейінгі Украинадағы қалпына келтіру жұмыстарына жауапкершілігі жайлы сөз болды ма деп сұрады.

Трамп «иә, талқыланды» деп жауап беріп, Ресей Украинаны қалпына келтіруге көмектеседі деген ой айтты. Оның сөзінше, Мәскеу «Украинаның түптің-түбінде табысқа жеткенін қалайды».

Трамп не деді?

Трамптың айтуынша, бұл пікір «біртүрлі естілуі мүмкін», бірақ ол Зеленскийге Путиннің «Украинаның өркендеуіне тілеулес» екенін түсіндіргенін жеткізді.

Ол мұны энергетика мен тауарлар тақырыбымен байланыстырып, Ресей тарапынан энергия тасымалдағыштары, электр қуаты және өзге де өнімдер өте төмен бағамен жеткізілуі мүмкін екенін мысал ретінде келтірді.

Зеленский қалай жауап берді?

Трамптың «Ресей Украинаның табысты болғанын қалайды» деген сөзінен кейін Зеленскийдің реакциясы бірден назарға ілікті.

Ол ирониямен қасын көтеріп, жымиып, қысқа ғана «Иә» деп жауап қатты.

Бұл эпизод әлеуметтік желілер мен халықаралық медиада талқыға түсіп, Зеленскийдің көңіл күйі мен мәлімдемеге көзқарасын көрсететін ишара ретінде бағаланды.

Яндекс.Метрика