Фото: видеодан скрин
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында 2025 жылғы маңызды оқиғаларға тоқталып, алдағы 2026 жылға арналған жоспарларын айтты. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы хабарлады.
Депутаттың айтуынша, 2026 жыл саяси реформалардың нақты нәтижесі көрінетін кезең болмақ.
«Референдум өтіп, қажетті заңдар қабылданғаннан кейін саяси үдерістердің басталуы заңды. Биыл қабылданған көптеген заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Сондықтан 2026 жыл – сол реформалардың іске асуын бағалайтын уақыт», – деді ол.
Сондай-ақ Айдос Сарым әлеуметтік желілердегі өзіне бағытталған сынға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бүгінде жұртқа жағу үшін ғана сөйлейтін заман өткен.
«Мемлекетшіл әрі шыншыл азамат керек болса, ол халықпен пікір таластыра да білуі тиіс. Баршаға бірдей ұнау мүмкін емес. Бірақ 50–60 пайыз азаматты сендіріп, мәселені шешуге болады. Мен тек сын емес, алғыс та естіп жүрмін. Алайда әлеуметтік желідегі белсенділерді толық халық деп айту қиын, олар – қоғамның шағын бір бөлігі ғана», – деді депутат.
Сұхбат барысында ол жаңа Салық кодексіне де тоқталды. Айдос Сарымның пікірінше, азаматтардың салықтан жалтаруы көбіне қаражаттың дұрыс жұмсалатынына сенімнің жоқтығынан туындайды.
«Егер төленген салықтың мектепке, балабақшаға, жолға кетіп жатқанын нақты көрсете алмасақ, адамдардың салық төлеуге ынтасы болмайды. Салық органдары халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек. Тек кәсіпкерлермен емес, қарапайым тұрғындармен де ашық диалог орнату маңызды», – деп түйіндеді ол.
