Алматы тауларынан мәйіт табылды

Фото: ТЖМ

Алматы маңындағы таулы өңірде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары кең ауқымды іздестіру-құтқару операциясын жалғастырып жатыр.  Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы хабарлады.

26 желтоқсанға қараған түні Алматы қалалық ТЖД-ның 112 жедел желісіне алаңдаулы әйел қоңырау шалған. Оның айтуынша, бауыры екі жолдасымен бірге 24 желтоқсан күні таңертең тауға кеткен күйі байланысқа шықпаған. Жоғалған азаматтармен хабар үзілгеніне 12 сағаттан астам уақыт өткен.

Ақпарат түскен сәттен бастап іздеу жұмыстарына ТЖМ-нің барлық қажетті күштері тартылды. Операцияға республикалық жедел-құтқару жасағы, апаттық медицина орталығының мамандары, қалалық құтқару қызметі, полиция өкілдері мен еріктілер қатысуда.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, «Қазавиақұтқару» тікұшағы іске қосылды. Әуеден «Тұйықсу» мұздығы, «Мыңжылқы» шатқалы және «Локомотив» шыңы аумақтары мұқият тексерілді.

Іздестіру барысында дрон көмегімен «Локомотив» шыңы маңынан бір адамның мәйіті анықталды. Марқұм теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктіктен ТЖМ әуе техникасының көмегімен төмен түсіріліп, полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Аталған жағдайға байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қайтыс болған адамның жеке басы барлық сараптама қорытындылары шыққаннан кейін белгілі болады. Марқұмның жақындарына психологтар мен медицина қызметкерлері қажетті қолдау көрсетіп жатыр. Ал қалған екі адамды іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Яндекс.Метрика