Фото: «Qarmet»
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше, «Qarmet» компаниясының құқықтық мирасқоры болып табылатын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мүлкін жымқыру дерегі бойынша «АлбаСтройДор» ЖШС директоры С.Г. Кимге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
2015 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында домна шлагын қайта өңдеу туралы, бірақ оған билік ету құқығын бермейтін шарт жасалған. Алайда компания басшысы өндірістік аумаққа еркін қолжетімділігін пайдаланып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды заңсыз шығарудың қылмыстық тетігін ұйымдастырған.
Ұрланған өнімді бөгетсіз шығару үшін «Күзет» ЖШС қызметкерлері тартылған, ал заңдастыру «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» кәсіпорындары арқылы жүзеге асырылған.
Тергеу дерегінше, жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған. Күдікті сот шешімімен 2 айға қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
