Фото: Pixabay
Алматыда он бір жыл бұрын жасалған ауыр қылмыс әшкереленді. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Мұхтар Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Оның айтуынша, биыл Алматы қаласының тергеушілері көп жыл бойы ашылмай келген қылмыстық істі қайта қарап, нәтижеге қол жеткізген. Бұған дейін зейнет жасындағы азаматтың қасақана өлтірілуі бойынша күдікті анықталмай келген. Іс қайта жанданып, барлық айғақтар жан-жақты сарапталып, куәгерлер мен марқұмның жақын туыстарынан қосымша жауаптар алынған. Тергеу барысында дұрыс тактика қолданылып, нақты сұрақтар қойылуы істің ашылуына себеп болған.
Нәтижесінде, қылмысты жасаған адам марқұмның туған қызы екені анықталды. Тергеу мәліметінше, ол бұл әрекетке пайдакүнемдік ниетпен барған.
Сондай-ақ Мұхтар Қожаев елімізде тіркелетін қылмыстардың басым бөлігін ішкі істер органдары тергейтінін атап өтті. Жыл басынан бері тергеушілер мен анықтаушылардың өндірісінде шамамен 216 мың қылмыстық іс тіркеліп, соның аясында 54 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
