Фото: Видеодан алынған кадр
Әлеуметтік желі арқылы ірі көлемде қаражат жинап, оны жеке мақсаттарына пайдаланған деген күдікке ілінген ерлі-зайыпты Тотақановтардың ісі бойынша сот отырысында жарыссөз өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Елордада блогерлер Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты сот процесі өтіп жатыр.
Мемлекеттік айыптаушы олардың әрекетін аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру ретінде бағалап, әрқайсын 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айыптау құжатында ерлі-зайыптылардың ұлдары Әлішердің атынан әлеуметтік желілерде аккаунт ашып, Түркияда ем қабылдау қажет деген уәжбен халықтан ақша жинағаны көрсетілген. Тергеу мәліметінше, жиналған қаржының бір бөлігі жарнамаға, қарыздарды өтеуге, құмар ойындарға, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен қымбат заттар сатып алуға жұмсалған.
Прокурор Толқын Тотақанованы 10 жылға қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айырып, мүлкін тәркілеуді және жазаны кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты 2 жылға шегеруді ұсынды. Дәулет Тотақановқа да осындай жаза сұралды, бірақ оны сот залында қамауға алу талап етілді.
Ал қорғаушы тарап айыптауды негізсіз деп санайды. Олардың айтуынша, жиналған қаржы алдымен отбасының қарыздарын өтеуге жұмсалған, ал мүліктің қайырымдылық қаражатына алынғаны дәлелденбеген.
