Зеленский соғысты аяқтаудың жаңа жоспарын ұсынды

© AP Photo / Julia Demaree Nikhinson

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты тоқтатуға бағытталған 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды ұсынды. Оның айтуынша, бұл құжат соғысты аяқтаудың негізгі базасы ретінде қарастырылмақ. Ал Ресейдің нақты ұстанымы АҚШ өкілдерімен өтетін кездесу барысында белгілі болады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жоспарда мынадай негізгі бағыттар қамтылған:

– Украинаның егемендігін мойындау;
– Өзара шабуыл жасамау жөнінде келісімге келу;
– Қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету;
– Соғыс қайта басталған жағдайда санкциялар мен әскери жауап шараларын іске қосатын тетік енгізу.

Сонымен қатар Украина бейбіт кезеңде армия санын шамамен 800 мың деңгейінде сақтауды ұсынады. Қауіпсіздік кепілдіктерін АҚШ, НАТО және Еуропа елдері беруі тиіс деп көрсетілген. Экономикалық бөлімде Украинаның Еуроодаққа нақты мерзіммен кіруі, ЕО нарығына жеңілдетілген қолжетімділік және 800 млрд доллар көлемінде қалпына келтіру қорын құру қарастырылған.

Ядролық қауіпсіздікке қатысты құжатта Киевтің ядролық қарусыз мәртебесін сақтайтыны жазылған. Ал Запорожье атом электр станциясын бірлесіп басқару нұсқалары ұсынылады.

Ең күрделі мәселе – территория. Жоспарда Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон аймақтарындағы қазіргі шеп уақытша де-факто байланыс желісі ретінде қарастырылуы мүмкін екені айтылған. Бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешімді мемлекет басшылары деңгейінде қабылдау ұсынылады.

Сонымен бірге жоспар теңіздегі еркін қатынасты қамтамасыз ету, барлық тұтқындарды тепе-тең негізде қайтару, келісімнен кейін Украинада сайлау өткізу және халықаралық бақылау орнату сияқты тармақтарды да қамтиды.

Кремль бұл ұсыныстарды қарап шығатынын мәлімдегенімен, құжаттың көп бөлігі Ресей мүддесіне сәйкес келмейтінін алдын ала ескертті. Bloomberg дерегіне сүйенсек, Мәскеу құжатты келіссөздер үшін «бастапқы нүкте» ретінде қабылдағанымен, онда Ресей үшін маңызды бірнеше талаптың қамтылмағанын және күрделі сұрақтардың ашық күйінде қалғанын айтып отыр. Сонымен қатар Кремль Украина қарулы күштеріне қатысты шектеулерді күшейтуді талап етпек.

Яндекс.Метрика