Қазақстанның әр өңірінен жиналған 100 бала Президенттік шыршаға қатысты

Фото: Оқу-ағарту министрлігі 

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларға арналған мерекелік жаңа жылдық кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaq Today.

«Жаңа жыл – республика төрінде» атауымен өткен Президенттік шыршаға еліміздің барлық өңірлерінен жүзге жуық мектеп оқушысы қатысып, ерекше әсерге бөленді. Мемлекет басшысының атынан дайындалған сыйлықтарды балаларға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыс етті.

Биылғы шараға 9 бен 13 жас аралығындағы балалар шақырылды. Қатысушылардың жартысынан астамы ауылдық жердің өрендері. Сондай-ақ 30 бала көпбалалы отбасынан шыққан, балалардың үштен бірі асыраушысынан айырылған, сонымен қатар әлеуметтік осал және толық емес отбасылардан келген балалар да қамтылды.

Президент орталығында өткен салтанатты кеште балаларды жасанды интеллект арқылы дайындалған Аяз ата мен Ақша қар қарсы алды. Шара барысында бүлдіршіндер ертегілер әлеміне саяхат жасап, Мақта қыз, Теке, Қошқар, Алладин мен Жасмин секілді кейіпкерлермен жолықты. Шыршаның негізгі мазмұны батылдыққа, мейірім мен достыққа, ақыл мен сабырды бағалауға үндеді.

Балаларға құттықтау сөз айтқан Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова:
«Бүгін сіздер кең-байтақ Қазақстанның әр өңірінен Президент шыршасына келіп отырсыздар. Мемлекет басшысы сіздерді Жаңа жылмен шын жүректен құттықтайды. Бұл залдағы әр бала – білім, спорт және шығармашылық бойынша жетістікке жеткен талантты өрен. Сіздерге үлкен сенім артамыз», – деді.

Айта кетейік, елордаға арнайы келген балалар екі күн бойы қаладағы көрікті орындарды аралап, Ұлттық музейді, Астана-Бәйтерек монументін және «Ailand» океанариумын тамашалады. Сонымен қатар оқушыларға арналған байқаулар өткізіліп, жеңімпаздар мерекелік кеш кезінде марапатталды.

Яндекс.Метрика