Фото: видеодан скрин
Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай жанкүйерлеріне әсерлі жазба жариялады. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы хабарлайды.
Боксшы 2024 жылы Париж Олимпиадасында жеңіп алған қола жүлденің оңай келмегенін айтып, сол жолда көптеген кедергілер мен сынақтардан өткенін жеткізді.
Спортшының айтуынша, бір кездері оған сенбеген, тіпті «жасың өтіп кетті» деп күмән келтіргендер де болған.
«Бүгін бір сәтке өткенге оралдым… Олимпиададағы сол күн, сол сезім, сол эмоциялар. Қанша жол, қанша сынақ артта қалғанын осы суретке қарап тағы бір рет сезіндім. Бұл сурет жай ғана қола медаль емес. Бұл сенімсіздікке, сөздерге, күмәнге берілмей өткен жолдың дәлелі. Лицензиялық турнирге дейін көп адам “жасың өтіп кетті” деді. Бірақ менің арманым үшін қанша еңбек етіп жүргенімді ешкім білмейді. “Лицензия ұта алмайды”, “ұтса да бірінші жекпе-жекте жеңіледі” дегендердің бәріне жауап – нәтиже», – деді ол.
Сондай-ақ боксшы өзгелердің сөзіне ермей, арман мен мақсаттан бас тартпауға шақырды.
«Мен ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емеспін. Көп адам сенбеді, бірақ мен өзіме сендім. Айналадағы сөз маңызды емес. Жүрегіңді тыңда. Сені сынаса да, төмендетсе де өз жолыңнан тайма. Мен бәрін көріп жүрмін, бәрін білемін. Жай ғана өз ісімді істеп келемін. Алла маған мұның бәрін берді, себебі мен ешкімге жамандық тілемеймін. Маған жаман сөз айтқандарға да тек жақсылық тілеймін. Сен. Еңбек ет. Сабыр сақта. Нәтиже өзі сөйлейді», – деп жазды спортшы.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – Қазақстан бокс тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Ол 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алды. Жақында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, 48 келі салмақта үндістандық Минакшимен қолғап түйістірді. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен қарсыласы жеңіске жеткенімен, қазақстандық боксшы күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша Назым Қызайбайдың қоржынында әлем чемпионатының барлық жүлде жиынтығы бар.
