Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің қызметіне табыс тіледі

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Ақордаға сілтеме жасап. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті туған күнімен құттықтап, оның бауырлас әзербайжан халқының игілігі жолында атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Қазақстан Президенті Әзербайжанның егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтуда, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, елінің халықаралық аренадағы беделін арттыруда Ильхам Әлиевтің айрықша рөл атқаратынына тоқталды.

Мемлекеттер басшылары қазақ-әзербайжан қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды одан әрі нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты күшейту перспективасын талқылады.

Әңгімелесу барысында жоғары деңгейде, соның ішінде Ильхам Әлиевтің биыл 20-21 қазан күндері Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Яндекс.Метрика