Фото: видеодан скрин
Ақпан айында Қазақмыс корпорациясына тиесілі кен орындарының бірінде жеті шахтердің өмірі қиылған еді. Қайғылы оқиғаны тексерген үкіметтік комиссия апатқа компанияны толық жауапты деп танып, негізгі себеп ретінде метан газының тұтануын атады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Осы жағдайдан кейін «Қазақмыс» өндірістегі қауіпсіздік талаптарын қайта қарап, бірқатар кеніштің жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлаған. Алайда көп ұзамай тағы бір дабыл қағарлық дерек белгілі болды.
Әлеуметтік желіде тараған, бір ай бұрын түсірілген бейнежазбада «Жомарт» кенішінде тау жынысының опырылған сәті анық көрінеді. Үлкен көлемдегі жыныс тікелей жұмыс істеп тұрған техниканың үстіне құлаған. Кенеттен қатты дыбыс шығып, шахта ішін қою шаң басып, айнала қараңғыланып кеткен. Сол сәтте шахтерлер абыр-сабыр болып, соңғы мүмкіндікті пайдаланып, қауіпті аумақтан қашып үлгерген.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, бұл жолы адам шығынының болмауы — жай ғана сәттілік. Олардың айтуынша, аз ғана кешігу болғанда, тағы бір қайғылы жағдай тіркелуі әбден мүмкін еді.
