Фото: видеодан скрин
Атырау облысында электр тогы соғып, ауыр жарақат алған жас электриктің жағдайы аса ауыр. Дәрігерлер оның хәлі критикалық екенін айтып, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Медициналық мекеменің хабарлауынша, зардап шеккен азаматтың денесінің шамамен 5 пайызы күйген. Атап айтқанда, оң және сол қолы, оң тобығы мен аяқ саусақтары зақымданған. Қазіргі уақытта ол ауруханада жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Санитарлық авиация арқылы науқасты Астана қаласына жеткізу мәселесі елордалық дәрігерлердің шешіміне байланысты. Қажет болған жағдайда жол шығыны, тұратын жері мен ем-дом толық қамтамасыз етілетіні айтылды. Оқиғаға қатысты тиісті тексеру жұмыстары басталған.
Аталған жағдайға байланысты Атырау Жарық серіктестігі қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Компания өкілдері емдеуге байланысты барлық шығынды өз мойнына алатынын хабарлады.
Туыстарының айтуынша, зардап шеккен азамат – 25 жастағы Еламан Сағиев. Ол Атырау облысы Индер ауданына қарасты Орлик ауылының тұрғыны әрі «Атырау Жарық» мекемесінде электрик болып жұмыс істеген. Оқиға кешкі сағат 17:00 шамасында Көктасғай аумағында электр желісіне қосу кезінде болған.
Жақындарының сөзінше, жұмыс барысында қолданылған арнайы киім мен қолғап қауіпсіздік талаптарына сай болмаған.
«Ағам тоққа түскен кезде жұмыс киімі мен қолғаптары күйіп, денесіне жабысып қалған. Қазір жағдайы өте ауыр. Бұл оқиға жабулы күйде қалып кетпесін деп, мәселені жария етуге мәжбүр болдық», – дейді туыстары.
Материал atpress.kz дерегіне сүйеніп дайындалды.
