Фото: видеодан скрин
Түркияда депутаттар парламент қабырғасында төбелесіп қалды. Оқиға Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Бас ассамблеясында 2026 жылға арналған бюджет пен 2024 жылға қатысты түпкілікті есеп туралы заң жобалары дауысқа салынған сәтте болған. Бұл туралы Haberler басылымы жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Мәліметке сәйкес, CHP фракциясы төрағасының орынбасары Мурат Эмир мен AK Party депутаты Мустафа Варанк арасында дау туындап, артынша жанжал жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығысқа екі партияның өзге де депутаттары араласқан.
Төбелесті залда отырған әріптестері әрең тоқтатқан. Соған қарамастан, келесі жылға арналған үкімет бюджеті туралы заң жобасы қабылданды. Дауыс беру қорытындысы бойынша 320 депутат құжатты қолдаса, 249-ы қарсы шыққан.
Айта кетейік, бұл — Түркия парламентінде алғаш рет болып отырған жағдай емес. 2022 жылы да бюджет талқылауы кезінде депутаттар арасында төбелес шығып, қақтығыс шамамен 10 минутқа созылған. Ол жолы парламент спикері отырысты мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болған.
