Сурет: Vecteezy.com
Өз-өзіне қол жұмсау тақырыбы қоғамда ашық айтылмайды, көбіне сыбырмен ғана қозғалады. Алайда бұл үнсіздік мәселені жоймайды, керісінше оны тереңдете түседі. Адам мұндай шектен шығуға бір күнде келмейді. Бұл – ұзақ уақыт бойы жиналған ішкі ауыртпалықтың, еленбеген жан айқайының соңғы нүктесі.
Ең алдымен, психологиялық күйзеліс басты себептердің бірі. Ұзаққа созылған күйзеліс, жалғыздық сезімі, өзін қажетсіз сезіну адамды іштен қажытады. Көп жағдайда сырт көзге бәрі қалыпты көрінуі мүмкін, бірақ ішкі әлемде үміт біртіндеп сөне береді. «Мен ешкімге керек емеспін», «өмірдің мәні қалмады» деген ойлар санаға орнығып алады.
Әлеуметтік қысым да бұл үдерісте айтарлықтай рөл атқарады. Қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық, қарыз, қоғам мен отбасының күткен үмітін ақтай алмау сезімі адамды тығырыққа тірейді. Көп адам көмек сұрауды әлсіздік деп қабылдайды. Ал жалғыз өзі күрескен жан бір күні шаршайды.
Отбасылық және тұлғалық жарақаттар да қауіпті факторлардың қатарында. Балалық шақтағы зорлық-зомбылық, кемсіту, еленбеу, махаббаттың жетіспеуі есейгенде де ізсіз кетпейді. Мұндай жаралар өмірдің қиын кезеңінде қайта ашылады. Ал сол сәтте адам тірек таба алмаса, ең қауіпті ойлар пайда болуы мүмкін.
Қоғамдағы стигма да жағдайды ушықтырады. Психологқа бару, ішкі күйін ашық айту әлі күнге дейін кей ортада «ұят» саналады. Соның салдарынан адамдар сырын ішіне сақтап, соңына дейін шыдауға тырысады. Ал айтылмаған ауыр ой уақыт өте нақты әрекетке айналуы мүмкін.
Өткір шындық мынада: өз-өзіне қол жұмсау – әлсіздік емес, көмексіз қалғандықтың белгісі. Бұл – өмірден емес, жан азабынан қашу. Сондықтан мұндай жағдайды жазғырумен емес, түсінумен және қолдаумен ғана өзгертуге болады.
Бұл қадамға апаратын бір ғана себеп жоқ. Ол – психологиялық күйзеліс, әлеуметтік қысым, ішкі жара мен қоғамның немқұрайдылығының тоғысқан жері. Егер айналаңызда тұйықталып жүрген, өмірден түңілгендей көрінетін адам болса, оны тыңдау, түсіну, қолдау көрсету – бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Үндемеу жойқын, ал әңгіме – үміттің бастауы.
Егер осы жолдарды оқып отырған адам өз өмірін қию туралы оймен арпалысып жүрсе, ең алдымен мынаны түсінгені маңызды: бұл ойлар сіздің шынайы болмысыңыз емес. Бұл – уақытша күйзелістің, жиналып қалған ауыртпалықтың үні. Қазір бәрі тығырыққа тірелгендей көрінуі мүмкін, бірақ дәл осы сәтте түпкілікті шешім қабылдауға міндетті емессіз. Өзіңізге уақыт беріңіз. Ішіңіздегі ауыртпалықты бір адамға болса да айту – әлсіздік емес, керісінше өмірмен байланысын үзбеуге жасалған маңызды қадам.
Тыңдай алатын жандар бар: дос, туыс, әріптес немесе маман. Сіз жалғыз емессіз. Бұл күймен күресіп жүрген адамдар көп, және олардың басым бөлігі уақыт өте келе бұл кезеңнен өткеніне шүкіршілік етеді. Көмек сұраудан қорықпау керек. Психологқа немесе психотерапевтке жүгіну – өмірді таңдаудың бір көрінісі. Егер қауіп тым жақын сезілсе, медициналық мекемелерге немесе жедел психологиялық көмек қызметтеріне жүгіну қажет. Бұл – өмірден бас тарту емес, оны сақтап қалуға деген ниет.
Өмірден кету туралы ой келген сәтте адам көбіне өз ішіндегі ауырсынудан өзгені көрмей қалады. Алайда мұндай шешімнің артында қаншама жанның тағдыры өзгеріп кететінін елестету қиын. Ата-ана, бауыр, бала үшін бұл – аяқталмай қалған әңгіме, жауапсыз қалған сұрақ, өмір бойы бірге жүретін өкініш. Уақыт өтсе де, ол бос орын толмайды.
Жақындарыңыз сіздің қиналғаныңызды байқамады деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ сіздің бар болғаныңыздың өзі олар үшін тірек. Сіз кеткен жағдайда олар өздерін кінәлап, «неге дер кезінде байқамадым?» деген сұрақпен ұзақ жылдар бойы өмір сүреді. Бір ғана шешім бүтін бір әулеттің тыныштығын шайқалтады.
Сіз бұл өмірде біреулер үшін аса қымбат жансыз. Қазір өзіңізді әлсіз сезінуіңіз мүмкін, бірақ дәл осы сәтте өмірді таңдауыңыз – өзіңізге де, жақындарыңызға да жасалған мейірім. Бұл ауыр кезең өтеді. Ал сіздің бар болуыңыз – көптеген жан үшін үміт.
Бұл мақала Бердалы Ораз (автор) туған бауыры Ернұрдың өмірден өткенінен кейінгі жеке тәжірибесіне сүйене отырып жазылды. Бауырынан айырылған адамның жан күйзелісін сезіне отырып, бұл мәтін қалған жандардың өміріне ой салып, бір адамның болсын өмірін сақтап қалуға үлес қосса деген ниетпен ұсынылып отыр.
Мен өзімді әлі күнге дейін кінәлі сезінемін. Егер інімнің ішкі күйін дер кезінде байқап, жан айқайын көре алғанымда, бәлкім ол мұндай қадамға бармас па еді деген ой жанымды жегідей жейді. Мен тыныш ұйқыда жатқан сәтте, ол өз өмірімен үнсіз күресіп жатқан екен. Осы ойдың өзі адамды іштен өртеп, уақытты кері қайтаруға деген шарасыз арманға байлап қояды.
