Сурет: Ашық дереккөз
Әлемде күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік алғаш сән үшін емес, өмір сүру қажеттілігінен пайда болды. Оның ең алғашқы нұсқасын қазіргі Арктика аумағында мекендеген инуиттер мен юпиктер ойлап тапқаны ғылымда мойындалған.
Қар мен мұз басқан өңірде күн сәулесі жерден емес, ақ қардан шағылысып, көзге бірнеше есе қатты әсер етеді. Мұндай жағдайда адам «қар соқырлығы» деп аталатын уақытша немесе кейде тұрақты көру қабілетінің нашарлауына ұшырауы мүмкін. Осындай қауіптен қорғану үшін арктикалық халықтар ерекше көзілдірік жасаған. Олар оны «қар көзілдірігі» деп атаған.
Бұл көзілдірік қазіргі біз білетін әйнекті аксессуарға мүлде ұқсамаған. Ол сүйектен, бұғы мүйізінен, піл сүйегінен немесе ағаш түбірінен ойылып жасалған. Ең басты ерекшелігі – көз тұсында кең ашық жер болмай, тек жіңішке саңылаулар қалдырылған. Сол саңылаулар арқылы жарықтың мөлшері азайып, күн сәулесі көзге тікелей түспеген. Нәтижесінде көз қардың шағылысқан жарығынан қорғалған.
Бұл құрал сәндік мақсатта емес, аңшылықта, ұзақ жол жүргенде, қатал табиғи жағдайда тіршілік ету үшін аса қажет болған. Көздің көруі – өмір сүрудің кепілі саналған заманда мұндай өнертабыс адам тағдырын сақтап қалатын маңызды құралға айналды.
Қазіргі күннен қорғайтын көзілдіріктердің тарихы дәл осы қарапайым, бірақ ақылды шешімнен бастау алады. Табиғатпен бетпе-бет келген адамзат қиындықты сәнмен емес, тәжірибе мен ақыл арқылы жеңген. Арктика халықтарының қар көзілдірігі – соның айқын дәлелі.
