37 жылдық еңбек: “Almaty aqshamy” ұжымы Қазақстандағы №1 қоғамдық-саяси газет атанды

Алматыда жарық көретін “Almaty aqshamy” газеті “Қазақстандағы Жыл таңдауы” ұлттық жобасының марапатына ие болды.
Мемлекеттік тілде шығатын басылым ел бойынша үздік қоғамдық-саяси газет ретінде танылды.

“Almaty aqshamy” ұжымы жыл бойғы еңбегін мәртебелі марапатпен қорытындылап отыр. Газет “Қазақстандағы Жыл таңдауы” ұлттық жобасының “Мемлекеттік тілдегі республикалық қоғамдық-саяси газет” номинациясын жеңіп алды.

Аталған марапат ел ішіндегі беделі жоғары, сапасы мен жетістігімен ерекшеленген ұйымдар мен жобаларға табысталады. Сондықтан “Қазақстандағы №1” атағын алу – редакция ұжымы үшін үлкен жауапкершілік пен қуаныш.

“Мың жасаған шаһардың шамшырағы” деген атаумен белгілі газет отандық журналистикада өзіндік орны бар, тарихы терең басылым. Онда қазақтың талай танымал қаламгерлері еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырған.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген “Alatau aqparat” медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы бұл жеңісті ұжымның ауызбірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

“Бүгінде біз заман талабына сай трансформация жасап, жаңа келбетімізді қалыптастырдық. Бұл марапат – болашаққа шабыт сыйлайтын маңызды кезең. Бізге сенім білдірген барша қауымға алғыс айтамыз”, – деді ол.

“Almaty aqshamy” газетінің ерекшелігі неде?

Газет 1987 жылдан бері үздіксіз шығып келеді. Қазіргі таңда оны тек алматылықтар ғана емес, бүкіл республика халқы және шетелдік оқырмандар да қызыға оқиды.

Басылым “Air Astana” әуе компаниясының рейстерінде, “Тальго” пойыздарында, сондай-ақ қонақ үйлер, мейрамханалар мен кофеханаларда қолжетімді. Бұл да газет оқырманмен тығыз байланыста екенін көрсетеді.

Яндекс.Метрика