Сурет: Pixabay.com
Шашы сирей бастаған адам ең алдымен түрлі сұйықтықтар, жақпалар мен сарысуларға жүгінеді. Дүкен сөрелері мен интернетте «шашты қайта шығарады», «таз жерге де шаш өсіреді» деген уәде көп. Бірақ бұл өнімдер шынымен нәтиже бере ме, әлде біз жарнаманың құрбаны болып жүрміз бе?
Дерматологтардың айтуынша, жақпа мен сұйықтықтардың әсері шаш түбі тірі болған жағдайда ғана мүмкін. Егер шаш түбірі толық жойылмаған, тек әлсіреген болса, кейбір медициналық құралдар қан айналымын жақсартып, шаштың өсуін уақытша ынталандыруы мүмкін. Алайда бұл «жоғалған шашты қайтадан өсіру» дегенді білдірмейді. Таз аймаққа жаңа шаш шығару – өте сирек құбылыс және көбіне трансплантациялық жолмен шығаруды талап етеді.
Ал нарықтағы өнімдердің басым бөлігі косметикалық әсерге бағытталған. Яғни олар шашты қалың көрсетеді, түсуін аздап бәсеңдетеді немесе бас терісін ылғалдандырады. Бірақ генетикалық таздықты, гормондық өзгерістерді немесе ауыр аурудан кейінгі шаш түсуін толық тоқтата алмайды. Мұны жарнама ашық айтпайды, себебі «ғажайып нәтиже» жақсы сатылады.
Мәселенің бір ұшы психологияда да жатыр. Шаш түсу – адамның өзін-өзі бағалауына әсер ететін нәзік тақырып. Осы әлсіз тұсты маркетинг жақсы пайдаланады. «Соңғы үміт», «табиғи құрам», «дәрігерлер ұсынады» деген сөздер сенім ұялатады, бірақ әрдайым ғылыми дәлелге сүйене бермейді.
Қысқасы,барлық сұйықтық пен жақпа – алдау деу қате, бірақ оларды әмбебап шешім ретінде қабылдау да дұрыс емес. Шаш сиреуінің нақты себебін анықтамай, өнімге сену – маркетингтің ықпалына түсу. Ең дұрыс жол – дерматологқа көрініп, ғылыми дәлелденген емді ғана таңдау. Шаш мәселесінде жарнамаға емес, дерекке сену керек.
