Сурет:pixabay.com
Қазіргі қоғамда адам өз өмірін өзімен емес, өзгемен өлшей бастады. Біреудің табысы, біреудің тұрмысы, біреудің сырт келбеті бәрі көз алдында. Әлеуметтік желі бұл салыстыруды күнделікті әдетке айналдырды. «Ода барлығы бар, ал менде жоқ» деген ой бір сәттік қызғаныш емес, ұзаққа созылса адамның өзін өзі жоюының бастамасына айналады.
Өзгемен салыстыру дамуға итермелеуі мүмкін құбылыс. Бірақ ол тек бір жағдайда ғана пайдалы адам өзіне нақты мақсат қойып, сол деңгейге жетудің жолын іздегенде. Ал біздегі көп жағдайда салыстыру әрекет емес, өзін кінәлаумен аяқталады. Біреу үй алды мен үлгермедім. Біреу танылды мен қалып қойдым. Біреу бақытты сияқты демек мен бақытсызбын. Бұл жалған логика. Себебі біз өзгелердің тек сыртқы нәтижесін көреміз, ал олардың ішкі күресін, қарызын, күйзелісін, жоғалтқанын байқамаймыз.
Психологияда бұл құбылыс әлеуметтік салыстыру синдромы деп аталады. Адам өзін төмен бағалаған сайын тәуекелден қашады, жаңа қадам жасауға қорқады. Өзін әлсіз санаған адам өз мүмкіндігін де әлсіретеді. Уақыт өте келе бұл ой кәсіби тоқырауға, жеке өмірдегі сенімсіздікке, тіпті депрессияға дейін алып келуі мүмкін. Яғни адамды артқа тартатын өзгелердің жетістігі емес, соны өзіне қарсы қару етіп қолдануы.
Тағы бір қауіпті тұсы әр адамның бастапқы нүктесі әртүрлі. Біреу дайын мүмкіндіктен шықты, біреу жоқтан бастады. Біреу он жыл еңбектенді, біреу соның жемісін бүгін ғана көрсетіп отыр. Ал біз бәрін бір сызыққа салып, өзімізді ең соңына қойып қоямыз. Бұл әділетсіз салыстыру адамды іштен жегідей жейді.
Өмір жарыс емес, жеке маршрут. Біреу тез жүреді, біреу ұзаққа шыдайды. Біреу ерте жетеді, біреу кеш, бірақ терең нәтиже береді. Өзгемен салыстыруды тоқтату өз өзіңді ақтау емес, өз жолыңа жауапкершілік алу. Сізде бүгін біреу жоқ шығар, бірақ сізде ол адамда жоқ нәрсе болуы әбден мүмкін тәжірибе, төзім, көзқарас, уақыт.
Егер адам өзін үнемі өзгемен салыстырып төмендетсе, ол ешқашан алға жылжымайды. Ал егер кеше кім болғанын, бүгін қайда тұрғанын салыстырса бұл нағыз өсу. Өзгеге қарап еңсеңді түсірме, өзіңе қарап бағыт түзет. Себебі өз өміріңдегі басты өлшем өзің ғана.
