Күмән мен күдікке толы «Қазақмыс»: экс-дипломат стратегиялық компания төңірегіндегі проблемаларды көтерді

Оның айтуынша, Қазақстан Конституциясына сәйкес барлық табиғи байлықтар халыққа тиесілі. Бұл норма заңмен бекітілген, тіпті аталған мәселе бойынша референдум да өткізілген. Демек, елдегі кен орындары мен ресурстардың нақты иесі – халық.

«Бұл жерде Алматыдағы шағын жанармай бекеті немесе дүкен туралы әңгіме емес. Сөз ел экономикасының флагманы саналатын стратегиялық маңызы бар компания жайында болып отыр. Ал мұндай кәсіпорынның иесі ауысса, ол халыққа ашық түрде түсіндіріліп, жария етілуі тиіс», – дейді Қазбек Бейсебаев.

Ол табиғи ресурстардың стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Мысалы, АҚШ-та экс-президент Дональд Трамптың Украинамен табиғи ресурстар бойынша келісімге қол қоюы сирек металдар мен пайдалы қазбалардың геосаяси мәнін айқын көрсеткен. Ал Қазақстанда дәл осындай стратегиялық саладағы компанияның иесі ауысуы туралы қоғамға тек шектеулі ақпарат беріліп отыр.

«Бізге айтылатыны – компания МФЦА құзыретіне өтеді деген ғана мәлімет. Ал неге иесі ауысып жатыр, қандай себеп бар, бұл шешім қалай қабылданды – оған жауап жоқ. Парламентте талқыланбады, министрліктер де халыққа түсіндірме берген жоқ», – дейді экс-дипломат.

Сарапшы бұған дейінгі тәжірибені де еске салды. АрселорМиттал компаниясы Qarmet-ке өткен кезде де жұмысшылардың қауіпсіздігіне, ресурстардың сарқылуына қатысты нақты жауапкершілік жүктелмегенін айтады. Бұрынғы иесі пайдасын алып кеткен, ал жаңа инвестор келгенімен, жүйелі өзгеріс байқалмаған.

«Мұндай мәмілелер табиғи түрде сұрақ тудырады: не үшін сатылады? Неге иесі ауысады? Бұл шешімдер неге ашық талқыланбайды? Мемлекет “тыңдайтын” болу керек десек, неге стратегиялық саладағы шешімдер халықтан жасырын қабылданады?» – деп сұрақ қояды ол.

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, стратегиялық кәсіпорынның жаңа иесі әлеуметтік міндеттемелерге, жұмысшылардың жағдайына немесе өндірісті жаңғыртуға заң жүзінде міндетті емес. Ал кез келген кәсіпкер ең алдымен пайда мен шығынды азайтуды көздейді.

Ол «Қазахмыс» бұрынғы иелерінің де кәсіпорынды модернизациялауға жеткілікті инвестиция салмағанын атап өтті. Енді компания қайтадан иесін ауыстырмақ, ал халық бұл үдерісте тек бақылаушы күйінде қалып отыр.

«Қорытындысында басты сұрақ ашық күйінде қалуда: экономика флагманы неге және қандай себеппен иесін ауыстырып жатыр? Бұл халыққа тиесілі кен орындары туралы конституциялық нормаға қаншалықты сай келеді? Қазір бұл сұрақтарға нақты жауап жоқ», – деп түйіндеді экс-дипломат.

Яндекс.Метрика