Фото: iapn.kz
18 желтоқсанда Shymbulak тау курортында қысқы маусым алдындағы баспасөз туры өтті. Іс-шара барысында журналистерге курорттың сервисі мен инфрақұрылымындағы негізгі жаңашылдықтар таныстырылып, туристік ағын жоғары кезеңдерде жұмысты тиімді ұйымдастыру тетіктері көрсетілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Өткен маусым Shymbulak үшін рекордтық көрсеткішпен аяқталды — курортты 1,5 миллионнан астам қонақ тамашалаған. Осылайша, 2030 жылға жоспарланған меже мерзімінен бұрын орындалды. Туристер санының тұрақты өсуі инженерлік жүйелерді жаңғыртуға, сервисті жетілдіруге және қауіпсіздік талаптарын күшейтуге деген қажеттілікті арттырып отыр.
Баспасөз туры «Медеу» базалық станциясынан басталды. Қайта жаңғырту нәтижесінде мұнда сырғанау жабдықтарын жалға беру мен сақтаудың негізгі орталығы шоғырландырылған. Қызмет көрсету «бір терезе» қағидатымен ұйымдастырылып, локерлер саны екі есеге ұлғайтылды.
Жалға беру қызметінің супервайзері Мүслим Жұмаевтың айтуынша, басты мақсат — қонақтардың сырғанауға дайындалу уақытын барынша қысқарту. Негізгі жалға беру аймағы «Медеу» станциясында орналасса, «Шымбұлақ» станциясында кәсіби райдерлерге арналған жеке локерлер мен жалға беру нүктелері жұмыс істейді. Сонымен қатар биыл тау шаңғысы жабдықтары толық жаңартылған.
Орта станцияда кафе мен дүкені бар жаңа павильон пайдалануға берілді. Freedom Telecom қолдауымен курорттың негізгі аймақтары мен аспалы жол бойында тегін Wi-Fi іске қосылды.
2025–2026 маусымынан бастап Shymbulak-та сервисті цифрлық бақылау жүйесі енгізілді. Қонақтар инфоорталықтарда, шаңғы және сноуборд мектебінде, сондай-ақ курорттың ресми сайтында орналасқан QR-кодтар арқылы ұсыныс пен пікір қалдыра алады.
Клиенттік сервис және сапаны бақылау департаментінің басшысы Ольга Беляеваның айтуынша, бұл жүйе қонақтардың пікірін жедел жинап, қызмет сапасын нақты деректерге сүйене отырып жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңа маусымда санитарлық инфрақұрылымға да айрықша көңіл бөлінді. Курорттың негізгі және адам көп жиналатын аймақтарында, соның ішінде 3 200 метр биіктікте орналасқан станцияларда дәретханалар жаңартылды. Жобалау кезінде халықаралық стандарттар мен кедергісіз орта талаптары ескерілген.
«Шымбұлақ» станциясында журналистерге тау шаңғысы және сноуборд мектебінің жұмысы таныстырылды. Биыл мұнда 100-ден астам инструктор қызмет етеді, сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Жаңадан бастаушылар үшін бір сағаттық топтық сабақ тегін ұсынылады.
Инструкторлар мектебінің жетекшісі Николай Ханның айтуынша, кәсіби оқыту тек техникалық дағды емес, беткейдегі қауіпсіздік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастырады. Сонымен қатар мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған адаптивті сырғанау бағдарламасы жұмыс істейді.
Қонақтар санының артуы техникалық инфрақұрылымға түсетін салмақты арттырады. Баспасөз туры аясында жаңартылған ратрак паркі, жасанды қар жасау жүйелері және аспалы жолдардың жұмысы көрсетілді. Осы маусымда Shymbulak Еуропа, Азия және Латын Америкасындағы курорттарды басқаратын халықаралық PGI Management компаниясымен ынтымақтастықты бастады.
Компания өкілі Роман Серраның айтуынша, серіктестік курортты әлемдік стандарттармен салыстыра отырып, қысқа және ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Экологияны сақтау — Shymbulak қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Курорт Алматы әкімдігінің экошаттл маршруттарын дамыту бастамасын қолдайды. Жақында орталық стадионнан Медеуге дейін №21 автобус бағыты іске қосылды.
Сонымен қатар «Іле-Алатау» ұлттық паркімен бірлесіп, Кіші Алматы шатқалында Тянь-Шань шыршаларын қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл курорт аумағында 500 көшет отырғызылды.
Ски-пасстардың бағасы бірнеше жыл бойы өзгеріссіз қалып, тек 2024–2025 маусымында түзетілді. Баға инфрақұрылымға қызмет көрсету, қауіпсіздік пен техниканы жаңарту шығындарымен байланысты. Қолжетімділікті сақтау үшін курорт сараланған тарифтерді, арнайы бастаушылар пакеттерін және балаларға жеңілдіктерді ұсынады.
Shymbulak әлеуметтік миссиясын да жалғастыруда: бес жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арқанжол тегін. Өткен жылы әлеуметтік осал топтардан шамамен 190 мың қонақ қабылданды.
Shymbulak — өңірдегі ірі жұмыс берушілердің бірі. Қысқы маусымда мұнда мыңнан астам адам еңбек етеді. Туристік ағын Алматының тау туризмі орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді. Алматы әкімдігі мен Mastercard деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында Алматыға келген әрбір үшінші шетелдік турист Shymbulak курортына барған.
