«Қартайғанда ақшасыз қалу қаупі бар»: экономист зейнетақы шегінің көтерілуін түсіндірді

Фото: Pixabay

Экономист Бауыржан Шурманов зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға қойылатын жеткіліктілік шегінің көтерілуі қазақстандықтардың болашақ зейнетақысына қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Сарапшының айтуынша, халық арасындағы қаржылық сауат деңгейі әлі де төмен. Сол себепті зейнетақы жинақтарын қорғауға бағытталған шектеулер аса маңызды.

«Егер мұндай шек болмаса, адамдар зейнетақы шотындағы қаражаттың барлығын күнделікті қажеттіліктерге жұмсап жіберуі мүмкін. Ал зейнет жасына жеткенде өмір сүруге жетерлік қаражат болмай қалу қаупі жоғары. Қазіргі жеткіліктілік шегі азаматтардың өз жинағын толықтай шешіп алуына тосқауыл болып отыр», – дейді экономист.

Мемлекеттің бұл шешімдегі басты мақсаты – азамат зейнетке шыққанда оның шотында лайықты өмір сүруге жеткілікті қаражаттың сақталуы. Шурмановтың пікірінше, ең тиімді нұсқа – зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға мүлде тыйым салу.

«Қазірдің өзіндегі шектердің өзі болашақта толыққанды өмір сүруге жеткілікті деп айту қиын», – дейді ол.

Өзгерістерден ұзақ мерзімді жоспар құра алатын, жинақтауды және инвестициялауды білетін азаматтар ұтады. Ал зейнетақы қаражатын жедел мақсаттарға, мысалы, тіс емдеу немесе тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсағандар болашақта қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр болады.

Сондай-ақ сарапшы бұл шешім зейнетақы активтерінің табыстылығына оң әсер ететінін атап өтті. Себебі жинақ көлемі артқан сайын капитализация нәтижесінде түсетін табыс та көбейеді.

Экономистің айтуынша, егер Қазақстан толықтай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшсе, бұл кез келген жағдайда азаматтың өзіне тиімді болады.

«Қазір адам мұның пайдасын түсінбеуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді Бауыржан Шурманов.

Яндекс.Метрика