Фото: видеодан скрин
Qazaqstan ұлттық телеарнасының Tansholpan бағдарламасына қонақ болған белгілі әнші Өмірқұл Айниязов отбасылық өмірі мен бала тәрбиесіне қатысты жеке көзқарасын ашық айтты. Өнер иесі баласын ата-әжесінің қолына бергенімен, бұл шешімге байланысты нақты бір талап қойғанын жасырмады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, өзі де бала күнінде ата-әжесінің тәрбиесін көрген. Бастауыш сыныпты тәмамдағанға дейін сол кісілердің қолында өсіп, кейін ғана ата-анасының жанына барған.
«Екі жаққа да еркелеп өстім. Бірақ бір ерекшелігі — өз әке-шешемді “аға, жеңге” деп атадым. Ол сезімнің қандай екенін ішім жақсы біледі. Сондықтан өз баламды ата-анама бергенде бір-ақ талап қойдым: ол мені әкесі ретінде тануы керек. Мен келгенде “әке” деп алдымнан шығуы тиіс», — деді Өмірқұл Айниязов.
Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бірі оның сөзінен бала кезіндегі ішкі сағыныш пен психологиялық ізді байқағанын жазса, енді бірі ата-әже тәрбиесінің оң тұстарын алға тартты.
Желіде мынадай пікірлер жиі кездеседі:
• «Травма деген осы — өз ата-анасын іздеу, сағыну»;
• «Бұрынғы заман солай болды, қазір бәрі өзгерді»;
• «Ата-әже тәрбиесі баланы мейірімді, көпшіл етеді»;
• «Қазіргі кезде “травма” ұғымын тым асыра қолданып жүрміз».
Көпшілік Өмірқұл Айниязовтың ұстанымын түсіністікпен қабылдап, баланың кімнің қолында өссе де, ең маңыздысы — әке мен ананың рөлін анық сезінуі екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, бала тәрбиесінде эмоциялық байланыс пен ата-ана бейнесінің айқын болуы оның болашақ психологиялық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
