Қазақстандықтар енді Қатарда заңды түрде жұмыс істей алады

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қатар Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы қазақстандық азаматтардың осы елде жұмысқа орналасуын реттейтін келісімді іске асыруға қажетті барлық мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғанын растайтын жазбаша нота жолдады. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы хабарлады.

Аталған келісімге 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Дохаға жасаған ресми сапары барысында қол қойылған. Ал 2025 жылы құжатты ратификациялау туралы заң жобасын Парламенттің қос палатасы мақұлдап, 20 қазанда Қазақстан Президенті заңға қол қойды.

Ведомство мәліметінше, келісім Қазақстан азаматтарының Қатарда қауіпсіз әрі ашық жағдайда жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп, олардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құжатта мамандарды іріктеу үшін өтінімдер алмасу, біліктілікті тексеру және еңбек шарттарын рәсімдеу тәртібі нақты айқындалған.

Сонымен қатар келісім қазақстандық жұмыскерлерге үлгілік еңбек шарты аясында жол жүру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету, еңбекақы, демалыс және сыйақы шарттарын, сондай-ақ еңбек келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда олардың мүдделерін қорғауға кепілдік береді.

Келісім талаптарының орындалуын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Еңбек министрлігі өкілдерінен құралған Бірлескен комитет құрылатын болады.

Қатарлық жұмыс берушілер ұсынатын барлық бос жұмыс орындары migration.enbek.kz порталында жарияланып, бұл қазақстандық азаматтарға Қатардағы еңбек мүмкіндіктеріне ресми әрі ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда министрлік Корея Республикасымен, Сауд Арабиясымен, БАӘ, Словакия, Жапония, Швеция, Италия, Норвегия, Польша, Чехия, Румыния және Финляндиямен еңбек қатынастарын реттеу және еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау бойынша ұқсас келісімдер мен меморандумдар әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың саны 156,7 мың адамды құраған. Олардың басым бөлігі Ресей Федерациясында (128,8 мың), Корея Республикасында (15,2 мың), Польшада (2,6 мың) және Ұлыбританияда (1,4 мың) еңбек етеді.

 

Яндекс.Метрика