Фото: Келес ауданының әкімдігі
2025 жылғы 17 желтоқсанда Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін автокөлік көпірі құлап түсті. Оқиға сәтінен түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, жұрттың назарын аударды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Келес ауданы әкімдігінің мәліметінше, көпірдің опырылуына дейін аталған учаскеде көлік қозғалысы алдын ала шектелген. Дегенмен нысанның қауіпті жағдайда болғанына қарамастан, не себепті уақтылы күрделі жөндеу жүргізілмегені әзірге түсіндірілген жоқ.
Қазіргі уақытта көпір орналасқан аумақта көлік қозғалысы толықтай тоқтатылды. Жүргізушілер үшін айналма жол қарастырылып, жергілікті билік ұзындығы 10–15 шақырымды құрайтын уақытша бағытты пайдалануға кеңес беріп отыр.
