Шавкат Рахмоновтың әйелі қатысқан жол апатына қатысты тың ақпар шықты

UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан жол-көлік оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық іс аяқталуға жақын және жуырда сотқа жолданады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс дәлізінде мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today.

Вице-министрдің сөзінше, тергеу жұмыстары негізінен тәмамдалған, қазір соңғы сот-медициналық сараптаманың қорытындысы күтіліп отыр.

«Қылмыстық іс аяқталу кезеңінде тұр. Осы аптада соңғы сот сараптамасының нәтижесі алынады. Одан кейін күдіктінің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, іс материалдары прокуратура арқылы сотқа жолданады», – деді Санжар Әділов.

Сондай-ақ ол жол апаты Ақмола облысында тіркелгенімен, тергеу амалдарын сол өңірдің полиция департаменті жүргізіп жатқанын нақтылады.

«Істі аймақтық полиция департаменті тергеп жатыр, қазіргі таңда ол соңғы сатысында», – деп түйіндеді вице-министр.

Яндекс.Метрика