FlyArystan әуе компаниясындағы шу: жолаушылар тәуліктен аса әуежайда қалды

Фото: видеодан скрин

Ақтөбе – Ақтау бағыты бойынша FlyArystan әуе компаниясының рейсі бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, жолаушылар ұзақ уақыт бойы әуежайда күтуге мәжбүр болды. Алдын ала белгіленген жаңа ұшу уақыты да жүзеге аспай, рейс мүлде орындалмай қалған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жолаушылардың айтуынша, жағдайды одан сайын ушықтырған жайт – әуежайда екі бірдей FlyArystan ұшағының тұрғанына қарамастан, ешқайсысының ұшпауы. Осы уақыт ішінде компания тарапынан нақты себептер айтылмай, ресми түсіндірме де берілмеген.

Куәгерлер FlyArystan өкілдерінің жолаушылармен байланысқа шығуға асықпағанын, жауапкершілікті сезінбегенін алға тартады. Ұзақ күтуден қажыған адамдар әлеуметтік желіде әуе компаниядан рейстің кешігу себебін ашық айтып, нақты ұшу уақытын жариялауды талап етіп жатыр.

Бұл оқиға FlyArystan-ның жолаушылар алдындағы міндеттемелерді орындау мәселесі қоғам назарында әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Жолаушылар тасымалына қатысты мұндай келеңсіздіктер компанияның қызмет сапасына деген сенімге сызат түсіретіні анық.

Яндекс.Метрика