Сурет:Ашық дереккөз
16–17 желтоқсан – қазақ тарихының ең ауыр беттерінің бірі. Бұл күндер тәуелсіздіктің салтанатты тойы емес, ұлттың жүрегіне түскен жараның ашық тұрған уақыты. Сол себепті бұл даталарды қаралы күн деп жариялап, мемлекеттік туды төмен түсіріп, Желтоқсан көтерілісінде қаза тапқан боздақтарға Құран бағыштап, үнсіз тағзым ету – тарихи әрі адамгершілік тұрғыдан ең әділетті қадам болар еді.
1986 жылдың желтоқсанында алаңға шыққан қазақ жастары мансап пен марапат үшін емес, ұлттың намысы үшін шықты. Олар қолына қару алған жоқ, бірақ солдаттың таяғына, түрменің тас қабырғасына, азап пен қуғынға тап болды. Сол күндері қазақтың жастығы сындырылды, тағдыры тапталды, қаны төгілді. Бұл – жай оқиға емес, бұл – ұлттық қасірет. Ал қасіретті күнді ән мен отшашумен атап өту ақылға да, арға да сыймайды.
Одан кейінгі 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы да дәл осы күнге тұспа-тұс келді. Тағы да алаң, тағы да қан, тағы да жазықсыз құрбан. 16 желтоқсан қазақ үшін екі рет қара жамылған күнге айналды. Мұндай күнді «мереке» деп атау – сол боздақтардың рухын елемеу, тарихтың өзіне қарсы шығу.
Мемлекет пен қоғам шын мәнінде тәуелсіз елміз дейтін болса, ең алдымен өткенге әділ қарауы керек. Тәуелсіздік – бір күннің жемісі емес, ол – қанмен, көз жасымен келген қасиетті ұғым. Ал сол қанды күнді тойлау – тәуелсіздікті арзандату.
16–17 желтоқсанды қаралы күн деп жариялау – әлсіздік емес, бұл – ұлттық сананың жетілуі. Бұл күні мемлекеттік тудың төмен түсірілуі – елдің бас июі емес, тарих алдында тағзым етуі. Бұл күні Құран бағыштап, боздақтарды еске алу – өткенге байланып қалу емес, болашаққа сабақ алу.
«Қалайша қан төгілген күнді жайбарақат тойлап өткіземіз? Қалайша сол алаңда жан тапсырған жастарды еске алмай, сахна құрып, салтанат құрамыз? Бұл сұраққа әр қазақ өз арының алдында жауап беруі тиіс.»,-дейді журналист Бердалы Ораз.
Ұлт өзін құрметтегісі келсе, алдымен қасіретін қадірлеуі керек. 16–17 желтоқсан – тойлайтын емес, тізе бүгіп, үнсіз еске алатын күн. Тарихпен бетпе-бет келетін уақыт әлдеқашан жетті.
