Фото: ru.arasha.kz
Әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допингке байланысты істі қараудың келесі кезеңі басталды, деп хабарлайды Qazaq Today.
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының мәліметінше, халықаралық практикада В сынамасын зерттеу А сынамасының нәтижелерін нақтылау қажет болған жағдайда ғана жүргізіледі. Бұл рәсім тәуелсіз әрі аккредиттелген зертханада жүзеге асырылады және барлық бекітілген хаттамалар қатаң сақталады. Сонымен бірге спортшы мен оның өкілдерінің қатысуына мүмкіндік беріледі. Мұндай тәртіп зерттеудің әділдігін қамтамасыз етіп, кез келген техникалық қателіктердің алдын алуға бағытталған.
Федерация В сынамасын ашу туралы шешім қабылдануы қандай да бір заңбұзушылықтың дәлелі емес екенін, сондай-ақ бұл қадам алдын ала қорытынды жасауға негіз болмайтынын атап өтті. Бұл – халықаралық антидопинг талаптарына сәйкес, деректерді түпкілікті анықтауға арналған стандартты рәсім.
Сондай-ақ федерация өкілдері екі сынама бойынша да ресми нәтижелер жарияланғанға дейін спортшыға қатысты кез келген мәлімдеме, болжам немесе субъективті баға беруге қарсы екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта В сынамасын ашудың нақты уақыты жарияланған жоқ. Сонымен қатар федерация VADA ұйымынан А сынамасына қатысты толық әрі ресми жауапты күтіп отырғанын мәлімдеді.
