Фото: Видеодан скрин
Әнші Тоқтар Серіков «Хабар» телеарнасындағы «КешRec» бағдарламасына берген сұхбатында жұбайы Бейбіт Сейдуәлиевамен алғаш қалай танысқанын еске алды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, бұл таныстық 2000 жылдың 10 қазанында басталған. Сол күні «Нұр-Мұқасан» тобының концерті өткен.
«Ұлықпан Жолдасов екеуміз залдың алдыңғы қатарында отырдық. Сол кеште Бейбітті алғаш рет көрдім. “Мынау мықты әнші екен, міндетті түрде танысу керек” деп ойладым. Бір апта өтпей-ақ тауып алып, тілдестік. Кейін білсем, ол қазақша аса еркін сөйлей бермейтін, орыс тілді ортада өскен қыз екен. Алдына кім келгенін де аңғармаған сияқты. Бірақ қазақ өнеріне деген ықыласы бірден байқалды. Әуелде аға ретінде араластым, уақыт өте тез жақын болып кеттік», – дейді Тоқтар Серіков.
Әнші болашақ жарының көңілін табу үшін ерекше сыйлық жасағанын да айтып өтті.
«Қазір жастар не сыйлайтынын білмеймін, ал ол кезде апорт алмасын алып бардым. Алма – жемістің төресі ғой. Бейбіт алғысын айтып, қуанды. Бірақ оның астарында қандай ой жатқанын түсінбеді. Кейін “бір қуыршаққа ұқсайсың” дедім. Атын да дұрыс білмей, “Борби” деп қойдым. Ол күліп, “Барби” деді. Сол сәтте қатты қысылып қалғаным есімде», – деп әңгімесін қорытындылады әнші.
