Зеленский АҚШ делегациясымен бейбіт келісім мәселесін 5 сағаттан астам талқылады

Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф Берлинде Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен келіссөздер нәтижесінде елеулі ілгерілеу бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы DW дерегіне сүйене отырып хабарлайды.

АҚШ пен Украина өкілдері арасындағы атысты тоқтату мүмкіндігіне қатысты талқылаулар бес сағаттан астам уақытқа созылған. Кездесуге Дональд Трамптың кеңесшісі әрі күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысқан.

Уиткофф әлеуметтік желідегі жазбасында тараптардың 20 тармақтан тұратын бейбіт келісім жобасын, экономикалық мәселелерді және өзге де өзекті тақырыптарды қарастырғанын атап өтті.

Келіссөздердің бастапқы кезеңіне Германия канцлері Фридрих Мерц қатысып, кейін өз өкілін қалдырған. Ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Біздің мақсат – Украинада бейбітшіліктің орнауы. Алдымызда күрделі мәселелер бар, бірақ алға жылжуға ниеттіміз», – деп жазды.

AFP агенттігінің мәліметінше, дүйсенбі күні консультациялар жалғасын табады. Кешкі уақытта келіссөздерге Еуроодақ пен НАТО басшылары, сондай-ақ бірқатар Еуропа елдерінің президенттері мен үкімет жетекшілері қосылады.

Ал Reuters дерегінше, Владимир Зеленский журналистердің WhatsApp арқылы жолдаған сұрақтарына жауап бере отырып, бейбіт бастамаларда белгілі бір ымыраға келу мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, Украина НАТО-ға мүшелікке ұмтылудан бас тартып, оның орнына АҚШ пен Еуропа елдері тарапынан заңды түрде бекітілген қауіпсіздік кепілдіктерін қабылдауға дайын.

Айта кетейік, бұған дейін Украина басшысы аумақтық мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылдау тәртібі туралы пікір білдіріп, соғыс жағдайында да сайлау өткізу мүмкіндігін жоққа шығармаған болатын.

Яндекс.Метрика