Сурет:freepik
Күнтізбеде ресми мәртебесі жоқ, бірақ күллі әлемге жайылып кеткен ерекше мерекелер бар. Соның бірі — 14 желтоқсанда атап өтілетін Бүкіләлемдік маймылдар күні. Бұл күн – есерлікке, әзілге және бананға толы мереке ғана емес, адамзат пен маймылдар арасындағы байланысты еске салатын ерекше дата.
Маймылдар күнінің пайда болуы да қызық. 2000 жылы Мичиган университетінің студенті, әрі суретші Кейси Сорроу досының күнтізбесіне әзіл ретінде «Monkey Day» деп белгі соғады. Бірақ сол бір қалжың уақыт өте келе дәстүрге айналып, әлеуметтік желілер мен студенттік орта арқылы әлемге тарады. Қарапайым әзіл бүгінде халықаралық деңгейде аталып өтетін ерекше күнге айналды.
Бұл күні адамдар өздерін бір сәтке баладай еркін сезінуге тырысады. Бірі маймылдың костюмін киіп көшеге шығады, енді бірі мерекелік кеш ұйымдастырады. Банан – басты «рәмізге» айналған: банан жеп, кокос сүтін ішіп, түрлі ойындар ойналады. Кейбір елдерде зообақтарда арнайы бағдарламалар өткізіліп, маймылдарға арнап сый-сияпат дайындалады.
Алайда бұл күн тек күлкі мен қызық үшін ғана емес. Маймылдар күні — жойылып бара жатқан приматтар мәселесіне назар аудартатын мүмкіндік. Бұл күні жануарларды қорғау ұйымдары маймылдардың табиғаттағы рөлі, олардың мекен ету ортасының жойылып бара жатқаны туралы ақпарат таратады. Кейбір қайырымдылық шаралары да дәл осы күні ұйымдастырылады.
Маймыл — адамға ең жақын тіршілік иелерінің бірі. Олардың мінез-құлқы, эмоциясы, тіпті кейбір әдеттері бізге тым ұқсас. Сол себепті бұл күн адамзатқа табиғатпен байланысын ұмытпауға, тіршілік иелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
14 желтоқсан — бір күнге болса да есерлікке ерік беріп, банан жеп қана қоймай, табиғатқа қамқор болуды еске салатын ерекше мереке.
