Фото: ҰОК
Дубайда IBA ұйымдастырған бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Аталған жарыста 71 келі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов финалға шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жартылай финалда қазақстандық боксшы қырғызстандық Ихтият Нишановпен кездесіп, үш раунд бойы айқын басымдық көрсетті. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) жеңіс Жүсіповке берілді.
Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының финалына алғаш рет шығып отыр. Бұған дейін ол 2017, 2019 және 2021 жылдардағы әлем біріншіліктерінде үш мәрте қола жүлдегер атанған.
Сондай-ақ Абылайхан Серік Сәпиевтен кейін әлем чемпионаттарында төрт медаль еншілеген Қазақстанның екінші боксшысы болды.
