Семейдегі демалыс аллеясы қоқыс алаңына айналды: тұрғындар әкімдіктен нақты шара күтуде

Фото: видеодан скрин

Семей қаласындағы аяқкиім фабрикасына жақын орналасқан аллея тағы да тұрғындардың шағымына себеп болды. Айтуларынша, соңғы күндері бұл аумақта тыныштық жиі бұзылып, демалыс орны қоқысқа толып кеткен. Куәгерлер жіберген бейнежазбаларда белгісіз адамдардың попкорнға арналған қаптамаларды жерге әдейі төгіп, қоғамдық кеңістікті ашық түрде ластап жатқаны көрінеді,  деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Балалар ойнап, қала тұрғындары серуендейтін аллеяның қысқа уақыт ішінде қоқыс үйіндісіне айналуы жұрттың ашуын келтірді. Тұрғындардың сөзінше, мұндай келеңсіз жағдай алғаш рет болып отырған жоқ, сондықтан олар құқық қорғау органдарынан жедел әрі нақты әрекет күтеді.

Әлеуметтік желідегі пікірлерде кейбір қолданушылар қоқыс жақын маңдағы кинотеатрдан шығуы мүмкін деген болжам айтады. Алайда бұған қатысты ресми түсініктеме берілмеген. Ал әкімдік тарапынан «мәселе бақылауда» деген жауап қана айтылып, нақты шешімнің жоқтығы тұрғындардың наразылығын одан әрі күшейтіп отыр.

Яндекс.Метрика